Қоғам

Масылдық неге өршіп кетті?

Негізі, елімізде масылдық тақырыбы осыдан 4 жылдай бұрын қозғала бастады. 2019 жылы 5 ақпанда Астанадағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласы опат болған еді. Сол түні балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені белгілі болды. Осылайша көпбалалы жанұялардың тұрмысы төмен, жәрдемақысы мардымсыз, ата-аналары күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр екені қозғалған еді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер биліктен жәрдемақыны көбейтуді талап етіп наразылық шеруін үдете түсті. Сәйкесінше халықтың үніне Үкімет құлақ түріп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек белгіленді. Алайда сол ақшаға сеніп кейбір отағасылардың жұмыстан бас тартуы, енді жәрдемақыдан соң тегін пәтер, басқа да көмек түрлерін сұраушылар да көбейді. Өйткені баланың несібесіне ортақтасып, үйінде жұмыссыз отырған әкелердің көбеюі, оларға Жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмыстардан бас тартуы еріксіз биліктің күдігін туғызып, масылдық туралы ойдың туындауына ықпал етті. Әрине, мұндай әрекет шын мұқтаждарға да кесірін тигізуде. Тіпті сондай масылдардың өздеріне жалған құжаттармен заңсыз жәрдемақы тағайындап алуы қоғамымызда заңсыздықтарға жол ашуда. Соңғы жылдары осындай заңсыз тағайындалған көптеген жәрдемақылардың құқық қорғау орындары тарапынан анықталып, кейін мемлекетке кері қайтаруға міндеттелге- ні – соның айғағы. Қазір еліміздің бірнеше облысында отбасылар масылдықпен заңсыз алған жәрдемақыларын қайтаруда. Осылай мемлекет мүмкіндігінше масылдармен күресуде. Шын мұқтаждарды анықтауға да өз әрекетін жасап жатыр. Сондықтан елімізде алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Әлеуметтік кодекс әзірленуде. Алдағы уақытта масылдықтың жолын кесіп, шын мұқтаждардың мемлекеттің қолдауынсыз қалмауы үшін қазірдің өзінде нақты шаралар жасалуда. Алдағы уақытта сол шаралар масылдықтың жолын кесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бағытталған көмектің тиесілі жерге жетуіне мүмкіндік туғызса, еңбектің ақталғаны болмақ. Осы орайда «Масылдық неге өршіп кетті?» деген сауал төңірегінде экономист-сарапшы мамандарымызды да сөзге тартып көрген едік.
– Соңғы жылдары елімізде түрлі қайырымдылық шаралары көбейіп кетті. «Мектепке жол» секілді республикалық деңгейде барлық мектеп, түрлі мекемелер жаппай мұқтаж жандарға киім-кешек, оқу құралдарын тарататын қайырымдылық шарасы, жылыту маусымы келсе, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж жанұяларға газдарына тегін дабыл қаққыш орнатады, тағы біреулер көмірін түсіріп береді, азық-түлік таратын тағы бір топтар бар. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де баланың еміне, жоқ баспанасына, тіпті несиесін төлеп беру үшін блогерлер қайырымдылық шараларын да ұйымдастырып жатады. Мешіттер де осындай істерді әдетке айналдырды. Менің ойымша, мұндай қаптаған қайырымдылық шаралары халықты масылдыққа үйретеді. Бір жерден азық-түлік, енді бір жерден киім-кешек, мемлекеттен жәрдемақы алған соң, тегін дүниеге бойы үйреніп кетеді. Масылдыққа, қайыр сұрауға, тіленуге бейім тұрады. Бұл – өте жаман нәрсе. Көршісінің тегін нәрсемен өмір сүріп жатқанын көрген келесі бір көрші отбасының психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Содан соң жаппай қоғамда масылдық пайда болады. Ең өкініштісі, қазір көпбалалы отбасылар осындайға үйренбесе екен деймін. Себебі кішкентай кезінен тегін нәрселерге бойы үйреніп қалған бала өзі де болашақта жалқау, өз ортасына масыл адам болып қалыптасуы мүмкін. Сондықтан «артық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын іздеуіміз керек. Қаптаған қайырымдылық шаралары қоғамды масыл қылып алмауы қажет. Жұмысқа жарамды адамның еңбек еткісі келмеуіне жол бермеуіміз керек. Қара жұмыс істеуге намыстанатын, ал бала-шағасының аш, өзінің қол қусырып бос отырғанына, үйінде бос жатқанына намыстанбайтын отағасылардың ұятын оятуымыз керек, – дейді әлеуметтанушы Н.Алмакешов.
Расымен, «дайын асқа – тік қасық» дейтіндер көбейіп кетті. Бұл әрекет «психологиялық заңдылық» деп көзді жұмып қарауға болмайды. Қазіргі кезде «Үкімет маған не береді?» деп қол жаймай, керісінше, «Еліме мен не бере аламын?» деген ойды санаға бай- лау – адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді. Сөзімізге тұздық ретінде Абай атамыздың: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған үшінші қара сөзін мысал ретінде алуға болады. Әрине, кәсіп істеуге ынталы адам сылтауға бой алдырмайды. Бұл күнде үйде отырып та жұмыс істеп ақша табатын нәзікжандылар аз емес. Солардың бірі – бала күтімі бойынша демалыста отырған ана Г.Әбсат.
– Мен қазір декреттік демалыстамын. Бос уақытымда қосымша ақша табайын деген оймен әсіп жасап жүрмін. Әсіп – ол халқымыздың ұлттық тағамы. Кей жерлерде шыж-мыж деп те атайды. Әсіп жасап сатайын деген ой жоқ еді бастапқыда. Алғашында қазы жасағаннан артылған ішек пен өкпе-бауырдан әсіп жасап бердім отбасыма. Сосын қонақ шақырған сайын осы асты әзірледім. Сөйтіп жүргенде туыстарым, көршілерім тапсырыс бере бастады. Солай ойда жоқта осы істі бастап кеттім. Қазір қымбатшылық уақытта әркім қолынан келгенін істеп, табыс таппаса, қиын болып кетті емес пе? Бір айлыққа қарап отыру мүмкін болмай барады. Ақша құнсыз, азық-түліктен артылмайды. Оның арасында той-томалағымыз бар дегендей. Ал енді «қымбат, сұмдық, масқара» деп отыра берсек, біреу бізге бір нәрсе әкеп бермесі анық. Әрекет ету керек, еңбектену керек. Аз ұйықтап, көп ізденіп дегендей. Сонда ғана ісіміз нәтижелі, берекелі болады деп ойлаймын. Мен бұл істен жақсы қаражат тауып отырмын дей алмаймын. Десе де жоқтан жақсы. Бала-шағамның нәсібіне қарай азын-аулақ табыс тауып отырған жайым бар. Кез келген қыз-келіншек бұл іспен айналыса алады. Еш қиындығы жоқ. Сәл еңбектенсе болғаны. Жалпы қазір адамдар бір ғана емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүруге бейімделу керек сияқты. Бұл – үлкен қалаларда қалыпты жағдай. «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбекпен тапқан теңгеңнің де қадірі жоғары бола- ды, – дейді көпбалалы ана.
Ал танымал психолог А.Құдиярова масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептермен түсіндіреді.
– Масылдық пен әлеуметтік инфанти-лизм – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден ересек болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды. Мысалы, бала қыңқ етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпештейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сондықтан мұндай балалық психология әрқайсысымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен масылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам, бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы – психологиялық заңдылық, – дейді психолог.
Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі. Әлем толассыз дамыған өркениет көшін қалыптастырды. Әр адамның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды жақсарту – отбасындағы әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бостан-босқа қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артуда. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында тасыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі, қолынан іс келетін адамды жұмыс өзі іздеп табуда. Сондықтан да жағаға жармасқан жалқаулықтан арылып, табанды еңбек ету – заман талабы.

Ж.КӨКСУБАЙҰЛЫ

Қатысты жаңалықтар

«Әке- асқар тау», «Ана- өмірдің бастауы»

azatmedia

Сарыағаш: Дербісек ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі шешіліп келеді

azatmedia

Ләйлә Сұлтанқызы: «Аямады азғын»

azatmedia