Қоғам

Саналы ұрпақ тәрбиесі

Қазіргі уақытта азаматтық қоғамның бір көрінісі іспетті үкіметтік емес ұйымдар белсенді қызмет атқарып отыр. Мен де қоғамдық ұйымның төрайымы ретінде ата-аналармен тығыз жұмыс істеймін. Осы қызмет барысында түйген ойларым аз емес. Адам қоғамдық жұмысқа қалай келеді? Ана болған соң балаларыңның тәлім-тәрбиесіне алаңдағаннан басталады. Алдымен балабақшада, кейін мектептегі ата-аналар комитетіне мүше болдық, кейін сол ата-аналар комитетінің төрайымы болдық. Сол кездегі ата-ана ретіндегі белсенділік, кейін қоғамдағы белсенділікке жалғасты. 2011 жылдан бері оқушыларға рухани-танымдық дәрістер оқып жүрдім. 2019 жылы «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігін құрдым. Бір идеядан басталған дүние бүгінде халықтың көңілінен шығып жатқан ұйымға айналдық. Әйтсе де осы ұрпақ тәрбиесімен айналысатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, қазақ тілді үкіметтік емес ұйымдар әлі де болса аз. Негізі үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасын жақындататын «алтын көпір» болуы керек деп санаймын. Өйткені қоғамдық бірлестіктер халықпен тығыз жұмыс істеп, мұң-мұқтажын, қиындығын өз көзімен көріп жүрген жандар, сондықтан көп нәрсені іс жүзінде көріп жүр. Бүгінгі ата-аналар бұрынғы ата-ана емес. Бірнеше жағдайға тоқталып өтейін. Мәселен, өз баламның мектебінде Қамқоршылар кеңесінің мүшесі ретінде әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушылардың білім алуына қажетті жағдай жасауға арналған «Жаппай оқытуға» сәйкес түскен өтініштерді қарастырып, үйлерді араладық. Биыл мектебімізге жүзден аса өтініш түсіпті. Осы үй аралау барысында қатты қынжылтқан жағдайды айта кетейін. Үйіндегі оқушы балаларының мектепке баруына аз ғана уақыт қалса да, балаларын мектепке дайындамаған, «біз баланы үкімет үшін тудық, мектеп, үкімет қамтамасыз етуге міндетті» деген пікірге бекіп алған, жауапкершіліктен жұрдай әйелдерді ғана емес, қол-аяғы балғадай, соқтауылдай ер-азаматтарды көргенде жағаңды ұстайсың. Бұл масылдық психологияның белең алуы демеске лаж жоқ. 
«Ұрпағы бар мың жасайды» деп артында ұлағатты ұрпақ қалдырған ұлтпыз. Әр адам баланы өзі үшін туады. Саналы ата-ана ұрпағыма «не бере аламын, қандай үлгі-өнеге көрсете аламын» деп ойланады. Біреу үшін бала тумайды. Сол баланың қызық-қуанышын көрсем дейді. Енді сол дүниеге әкелген әр баланың қарнын аш қылмау, көйлегін көк қылу, асырап-бағу, тәрбиелеу – бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі емес пе? «Мен көп бала туғыздым, енді асырап-баға алмай жатырмын, үкімет асырасын» деп өтініш жазып, айғай шығарып жатқан еркекті қалай ғана отағасы, ер-азамат деуге болады?! Намыс қайда? Күйеуі жұмыс істемейтін не жұмыста тұрақтамайтын, ер жеткен балалары бар, басқа өңірде үй-жайы бар немесе егістік жері бар әйелдің «біз бала тудық, үкімет бізді асырауға міндетті» деп айғай шығарып отырғанын да көрдік. 
Сонда күні кеше Президент Жолдауында айтылған «Адал ұрпақ тәрбиелеу, адал еңбек» деген қайда? Үйінде үкіметке алақан жайып, масыл болып отырған ата-анасын көріп өскен бала қандай болмақ? Мұндай қаптаған жәрдемақы, көмектерді көбейте бергенше, жұмыс орындарын көптеп ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек.
Бүгінгі күнде мемлекет біраз жүкті мектептерге арқалатып қойған. Бұл дұрыс емес. Мектеп білім берумен, тәрбие жұмысымен айналысуы керек. Мектеп айғай-шу шығарып келіп, есікті теуіп кіретін айғайшы ата-аналармен жұмыс істей ме, әлде балалармен жұмыс істей ме? Сондықтан да баланы өмірге әкелдің бе, оны асырап-бағуға міндеттісің деп, ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек деп санаймын. 
Атам қазақта «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп қатты айта отырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген. Біз іргетасы берік, мығым мемлекет боламыз десек, мықты отбасылары бар ел болуымыз керек. Сол мықты отбасылар болашақ ел азаматтары болар, өнегелі, тәрбиелі, адал, еңбекқор рухы биік ұрпақ өсіріп тәрбиелеуі керек. Ұрпағым жаман болсын дейтін ұлт болмайды. Қазақ та «Баласын жасынан адалдыққа, шыншылдыққа, ізгілікке тәрбиелеген. Обал, ар-ұят дегенді санасына жастайынан сіңірген. Жалпы жас ата-аналарға айтарым, бала тәрбиесінде ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Бала – ата-анасының айнасы, туғанда аппақ қағаздай болып дүниеге келген сәбиге ата-анасы не көрсетеді, не үйретеді, өскенде бала соны көрсетеді. 
Тағы бір айта кететін жайт, көптеген мектептермен, балабақшалармен тығыз жұмыс істегендіктен, бүгінгі мектеп ұжымдарының, ұстаздар мен тәрбиешілердің жағдайын да білемін. Ата-аналармен жұмыс істеу өте қиын. Көпшілік ата-ананың бойында «ұстаз, тәрбиеші міндетті, мектеп, балабақша міндетті» деген түсінік қалыптасқан. Жас ұрпаққа білім беретін, өмірге қанаттандыратын, қасиетті шаңырақ – білім ордасын сыйламайды, тіпті директордың кабинетінің есігін жұлқа тартып, тепсініп, айғайлап кететін ата-аналарды көрдік. Баяғыда үлкендер «Мұғалім бол» деп бата беретін еді. Ата-анасы мұғалімге қоқан-лоқы көрсетіп тұрғанын көрген оқушы ұстазын қайдан сыйласын?! Ата-анасының «жаман нәрсе іздеп тіміскілеп» видео түсіріп тұрғанын көрген сәби тәрбиешісін қалай құрметтесін? Бүгінгі кейбір ата-ана баласының жиналысына бармайды, рухани шараларға аттап баспайды. Ал «бірдеңе боп қалды» десе, жалаулатып жетіп келіп, «мұғалімнің» ит терісін басына қаптап жатады. Кез келген нәрсені шұқылап, ұялы телефонына түсіріп, бәле іздейтіндер көбейген. Тегін деген нәрсеге телміретіндерді қолмен жасап отырмыз. Кейбір ата-аналар «асханадан тамақ қалса, беріңізші» деп алақан жайып, балабақшада мұқтаж отбасының балалары тегін тамақ беріледі десе, бұрын жиналысқа келмейтін ата-аналар қаптап кетеді екен. Иә, шынында да мұқтаждар бар ғой, дегенмен, мұның көбейгені дұрыс нәрсе емес. «Қарынның аштығынан емес, қадірімнің қашқанынан қорқамын» дейді екен бабаларымыз. Әттең, осындай ата-аналар мұның зардабын шегетінін түсінсе ғой. 
Бүгінгі ата-ананы бұрынғы ата-анамен салыстыруға болмайды. Бүгінгі жас ата-аналар тоқсанның тоқырауында ала қап арқалаған аналардан туған балалар. Аналары күнкөрістің қамымен жүрген кезде бір буын ұрпақ бойына ұлттық құндылық сіңіре алмай, рухани құндылықтан жұрдай болып өсіп шықты. Бүгінде қоғамымыздағы көптеген келеңсіздіктер осының салдары. Оған жаһандану қосылды. 
 Бүгінде отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы әлемдік үрдіске айналып отыр. Зерттеушілер бұл індеттің дәстүрлі құндылықтарға берік елдерге де тарай бастағанын айтып жүр. Өкінішке қарай, бұл үрдіс біздің елімізді де айналып өтпеді. Бұл дабыл қағарлық ахуал! Ажырасудың кесірінен қаншама бала толық емес отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Бұл құр сандар емес, оның артында адам тағдыры тұр. Қанша сәбидің көз жасы тұр. Әкесіз тәрбиеленген ұрпақтың жарымжан тағдыры тұр.
Бүгінде «баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса болды» дейтін ата-ана баршылық, балаларын интернет, сырт тәрбиелеп жатыр. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеті тек осы ғана ма? Егер адам тәрбиелеу тек қарынның қамымен ғана шектелсе, онда біздің оттап, су ішетін малдан қай жеріміз артық? 

Т.Шәкен, 
тарихшы, қоғам белсендісі 

Қатысты жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігін сақтамағанға жаза бар

azatmedia

Масылдық – жұмыссыздықтың дерті

azatmedia

Тұрғындармен тығыз байланыс орнату аса маңызды

azatmedia