Қоғам

Мұратқа бірлік жеткізеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда жаңартуға бағытталған реформаларға айрықша назар аударып келеді. Міне, осындай өзгерістердің тұсында халқымызға ең алдымен ауызбіршілік, ынтымақ керек. 

Саяси жаңару болмаса, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Сондықтан жаңа реформаға сай еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымына едәуір өзгерістер енгізілді. Оның шеңберінде биліктің негізгі институттарының: Президент, Парламент, жергілікті өзін-өзі басқару, партиялық, сот, сот-құқықтық қорғау жүйелерінің негізгі өкілеттіктері қайта қаралды. Осылайша саяси реформа қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізуде.

Президент өзінің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруды ұсынды. Бұл супер-президенттік басқару формасын өзгертіп, парламенті қуатты мемлекетті қалыптастырудың алғышарты болары анық. Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесі арқылы азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлі артатын болды. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Бұл тәсіл облыстағы, қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді.

Президент атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Сондықтан партияларды ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалды. Партияларды тіркеу едәуір жеңілдеді. Аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілі қайта қаралып, байқаушылардың қызметі заңмен реттеліп, сайлау үдерісі де жаңғыртылды. Бұл халықтың сайлауға деген сенімін арттырып, өз таңдауларын еркін жасауларына мүмкіндік тудырды.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында тәуекелге толы тарихи шешімдер қабылдады. Ұлы даланың Ұлытауы облыс орталығы, шырайлы шығыстан – Абай, жер жәннаты Жетісудан Жетісу облысының құрылуы жергілікті халықтық талай жылғы арманы болатын. Халықтың талап-тілегі орындалып, ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімі ұрпақ санасында жаңғыра түсті.  Мұның бәрі өзінен-өзі жүзеге аса салмайтыны белгілі. Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші – біздің азаматтарымыз. Сондықтан жаңа міндет, ортақ мұратқа қол жеткізу үшін әрбір азамат сапалы еңбек етуі тиіс. Президентіміз айтқандай, бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе істеп бермейді. Бәрі өз қолымызда. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру жолында баршамыздың жұдырықтай жұмылып, әрекет етуіміз аса маңызды.

Бегімбет БАЙҒАРАЕВ,облыстық мәслихат депутаты.

Қатысты жаңалықтар

Мақсат — елді түбегейлі жаңғырту

azatmedia

Масылдық – жұмыссыздықтың дерті

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҮШ ПРОВИЗОРЛЫҚ ОРТАЛЫҚ УАҚЫТША ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТТЫ

azatmedia