Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ БОЙЫНША ҚАЗЫҒҰРТ ПЕН ТӨЛЕБИ АУДАНДАРЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды.

Мемлекет басшысының ішкі көші-қон саясатын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жаңа Тұжырымдама шеңберінде елдің басқа облыстарында негізделген трансферт және қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру тетігі көзделетін болады.

Осы орайда, Түркістан облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерден келген делегация мүшелері қоныс аударуға ниетті азаматтармен кездесулерін жалғастырып жатыр. Бүгін арнайы топ өкілдері Қазығұрт және Төлеби аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Делегация құрамында «Отандастар қорының» сарапшысы Мыңбай Әлфараби, «TAUEKEL» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, облыстық маслихат депутаты Жаңабай Ағабеков, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов болды.

«Теріскейдің жері құнарлы, егіншілікке өте қолайлы. Картопты мүлдем суармайсың деуге болады. Сонымен қатар, солтүстікте 70 мың оқушының 18 мыңы ғана қазақ сыныбында оқиды. Кей ауылдарда бірінші сыныпқа 4-5 ғана бала барғалы тұр. Қызмет көрсету саласында ешқандай бәсекелестік жоқ. Наубайхана, шаштараз, әсемдік салонын ашып, өз кәсібіңізді ашуға мүмкіндік мол», – деп түсіндірді Бурахан Дақанов.

Тұрғындардың құжат әзірлеу, өкімет тарапынан қарастырылған жәрдемақы жөнінде Нұржан Нұрашов толыққанды ақпарат берді. Оның айтуынша, көшіп барған отбасы мүшелерінің әрқайсысына бір рет 241 000 теңге, ал тұрғын үй алуына 4 млн теңге беріледі.

«Бүгінде «Серпін» бағдарламасы тоқтап қалу алдында тұр. Оның себептерінің бірі, солтүстікке бағдарламамен барған жас мамандар бірден үйрене алмайды. Оларға моральдік демеу беретін ата-аналардың рөлі өте маңызды. Ата-аналары оларға қолдау беріп, теріскейде қалуына себепші болуы керек. Одан бөлек, теріскейлік оқушылардың білім сапасы оңтүстік балаларынан жоғары. Сіздерде бір сыныпта 28-30 бала болса, бізде 5-7 оқушы болады. Демек, білім беру сапасы да ерекше болмақ», – деді Мыңбай Әлфараби. Кездесу соңында Жаңабай Ағабеков теріскейге кешуге ниетті азаматтарды қолдап, солтүстікті көріп қайтуға ниетті азаматтар үшін алдағы уақытта тегін көлік ұйымдастыратынын жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ЮЭЦИН ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

azatmedia

«ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ» ОНЛАЙН-КӨРМЕСІ ӨТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

azatmedia