Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 8 МЫҢНАН АСТАМ ШЕТЕЛ КӨЛІГІ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков мәлімдеді, , деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетел автокөліктерін біржолғы заңдастыру туралы, атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара»,  деп айтып өткен болатын.

Осыған сәйкес, елімізде автокөліктерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысының полицейлері жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Өңір бойынша 3 Мамандандырылған ХҚКО-да шетел көліктерін заңдастыруға болады. Олар Түркістан, Сарыағаш қалаларында және Сайрам ауданының Ақсукент елдімекенінде орналасқан.

– Жыл басынан бері облыс бойынша шетел көліктерін заңдастыруға 14 306 азамат өтініш білдірді. Оның ішінде 8165 азамат шетелдік көліктерін тіркеп, қазақстандық нөмір алды. Оларға тоқталсақ, 7365 – Ресейден, 704 – Армениядан, 75 – Қырғызстаннан, 15 – Грузиядан, 4 – Оңтүстік Кореядан, 1 – Латвиядан әкелінген көліктер. Ал 1918 автокөлік иесіне көлікті тіркеуден бас тартылды. Алайда бұл азаматтар шектеулерді жойып, қайта тіркеуге құжаттарын ұсына алады, – деді Алмасхан Мамбетұлы.

Айта кетсек, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №13 қаулысына сәйкес, заңдастыруға басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылмаған, іздеуде жүрген, кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автомобильдер жатпайды.

Тіркелуге жататын автокөліктерге шыққан жылына және экологиялық класы бойынша талаптар қойылмайды. Басқаруы оң жақта болған көліктер де заңдастыруға жатады.

Бастапқы төлем тіркеу үшін 200 мың теңгені құрайды. Қалған төлемдерге техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін 13 171 теңге төлеу қажет. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техпаспорт үшін төлем сомасы АЕК-ке байланысты өзгереді.

Заңдастыру келесі тәртіппен жүзеге асырылады: азаматтар өтініштерін электрондық үкімет порталы арқылы немесе арнайы ХҚКО-ға тікелей барып өтініш жасау арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралын іздестіру базалары бойынша тексерістен өтеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі. Ал заңдастырудан өтпеген көліктерді елден шығару немесе бөлшектеп сату қажет.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ЖАСТАРЫ АЙМАҚТЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАЛАУДА ЕРЕКШЕ ТӘСІЛДІ ҚОЛДАНУДА

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР САНЫ 200-ГЕ ЖУЫҚТАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

azatmedia