Шоу-бизнес

«Ойлаудың өзі қорқынышты» – Белгілі актрисаның жазбасы елді ойландырып тастады

Отандық танымал актриса Дариға Бадықова күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғадан кейін әлі отбасын құрмаған аруларға үндеу жасады. Өнер иесі оларға тұрмысқа шықпас бұрын мұқият ойлану керектігін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дариға Бадықова бүгінгі қоғамда көп жағдайда әйел адамдардың құрбан болып жататынын алға тартты. Киножұлдыз оңтүстік астанада балаларымен бірге терезеден секіріп кеткен анаға қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайдың өзге отбасында қайталанбауы үшін не істеу керегін айтты. Ол аталмыш тақырып аясында Instagram парақшасында әсерлі жазба жариялап, қыз-келіншектерге өз кеңесін берді.

«Әйелдің қырық жаны жоқ. Бүгін ғана бір хат келді: “Времянкада тұрамын, 5 балам бар, сіздің көмегіңіз ауадай қажет, күйеуім ақша таппайды” – дейді. Ақша таппайтын күйеуге 5 бала тауып бергені қалай енді деймін?! Айналайын әйелдер-ау! Бір бармақтарың бүгулі болсыншы. Мал таппайтын, ұрып-соғатын, асырамайтын еркектің тұқымын көбейтіп, қарызға батып, өмірден түңіліп, бала баға жүріп нан тауып, ешкімнен қолдау көрмей қасқайып жүріп ұзаққа бармайсың! Робот емессің ғой!?⠀ Бәрімізді бір сілкіп алған кешегі оқиға соның көрінісі емес пе енді? Ол әйел де шарасыз, құрбан, өмірден шаршаған, жан-жағынан, жақындарынан қолдау көрмеген әйел шығар. Балалары не көріп үлгерді бұл өмірде? Олардың кінәсі не еді? Бүгін маған хат жазған 5 баласы бар әйел де ертең түңіліп, өмірден баз кешуі мүмкін ғой деген ойдың өзі жанымды жеді. Ойлаудың өзі қорқынышты», – деп жазды актриса.

Оған қоса, Бадықова жанұялы болмаған аруларға да ақылын айтты. Ол тұрмысқа шығар алдында қатты ойланып барып шешім қабылдауды ұсынды.

«Әйелдер! Бала туғанда жоспарлайық. Жаныңыздағы еріңізге қараңыз. Әр баланың сапалы білім, тәрбие алуын ойлаңыз. Жүйкеңіз жұқарып, нервный боп жүріп ол балаға не тәрбие бере аласыз?! Қыздар, жандарым, өз-өздеріңе жауапты болыңдаршы. Шынымен ойланыңдар! Құрбан болмаңдар! Ауыр қарым-қатынастан қашыңдар! Қазір қызылды-жасылды дүние көп жан-жақта. Әр нәрсеге бір қызығамыз да өз өмірімізді күл талқан қыламыз. Байқасақ, өмірде құрбан болатын көбіне – әйелдер.⠀ ⠀ Біздегі соқыр, артта қалып қойған қоғамға айқай сап айтқың келеді: әйел міндетті деген нәрсе жоқ! Бүкіл жауапкершілікті әйелдің ғана мойнына артып тастауға болмайды. Отбасы болғасын әйелдің де, еркектің де мойнында бәрі. Ұл тәрбиелеп отырған аналар, ұлдарымызды әйелі мен баласы үшін жауапкершілік алатын, тірек болатын етіп тәрбиелейікші. Ұл баланың да тәрбиесі маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Қатысты жаңалықтар

«Енем өтірікші әйел»: Бір ай бұрын тұрмысқа шыққан Мөлдір ажырасқалы жатыр

azatmedia

Мейрамбек Беспаев: «Ақшаға қырылып қалған өзге ұлт көрмедім»

azatmedia

Алтынай Жорабаеваның жан сыры желідегі жұртты тәнті етті

azatmedia