Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Соңғы жаңалықтар

Шымкент мектебінде екі директор бар. Біреуін орнынан алуға ешкімнің қауқары жоқ

Шымкентте бір мектепті қос директор басқарып отыр. №125 мектептің бұрынғы басшысы Әсет Сатыбалдиев ата-ана мен мұғалімдер арыз жазған соң қызметінен өз еркімен кетіп, заң жүзінде оның орнын орынбасары басқан. Бірақ арада жарты жыл өткен соң өз еркімен кеткен экс-директор сот шешімімен басшылыққа қайта келіп алған. «Тек конкурстан өтіп заңды тағайындалдым» деген тағы бір директор Арапбай Урусов та басшы креслосынан оңайшылықпен бас тартқысы келмейді, – деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Қайнарбұлақ саяжайындағы №125 мектепке қайта келіп алған басшыға ұжымы мен ата-аналары үзілді-кесілді қарсы. Себебі, ол басшы болған үш жылда ақша жинаудан көз ашпадық дейді мұғалімдер. «Комиссия келе жатыр» деген сылтаудан бастап, перде мен борға дейін жылу жинадық дейді ұстаздар. Осыны айтып былтыр қараша айында Әсет Сатыбалдиевтің үстінен құзырлы орындарға арыз түсірген. Осыдан кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, орнына орынбасары Арапбек Урусов тағайындалыпты. Алайда өткен аптаның соңында бұрынғы басшы қайта келіп, салдарынан әр аттестатқа әр басшының тегі жазылып жатыр. Тіпті құжат алуға келгендер кімге қол қойдыруды білмей сабылып жүр.

Айжан Изатуллаева, ата-ана:

– Мына жерде Сатыбалдиевтің тегі мөрімен қоса жазылып тұр. Ал мына жерде басқа адамның аты-жөні жазылған. Ол жерде мөр жоөқ. Сонда біз не істеуіміз керек?

Ата-аналар келгенде мектепте қос басшының екеуі де болмаған еді. Сөйтсе жаңа директор аяқасты қызметінен айырылғанын естіп қан қысымы көтеріліп кетіпті. Көпшіліктің шақыруымен жеткен ол директорлық қызмет үшін соңына дейін күресем деп отыр.

Арапбай Урусов, №125 мектеп директоры:

– Өзіме жеке адвокат жалдап, сот шешімін бұздыруға тырысамын. Неге? Өйткені мен заңдымын, конкурстан өткенмін. Мен біреудің орнын тартып алған жоқпын. Заң бойынша енді шығаруға болмайтынын білем, бірақ енді бір мекемеде екі басшы болған мүмкін емес. Біреуді заң жүзінде босату керек шығар.

Біреуі кеткен соң, артынша мектептің екінші директоры жетті. Әсет Сатыбалдиев былтыр үстіне ұжым мен ата-аналар шағым жазған соң қозғалған іс туралы айтқысы келмеді. «Әлдекімдердің арандатуымен байқамай, өз еркіммен жұмыстан кеткенім рас», – дейді.

Әсет Сатыбалдиев, №125 мектеп директоры:

– Мен ешкімге ақша жина деп айтқам жоқ. Жұмыс істеліп жатыр. Егер менің артымнан жазатын болса, істеген нәрселерін алып кете берсін. Мен ешкімге ештеңе демеймін. Ол мектептің балалары үшін. Ертең бәрі жұмысқа түседі, одан кейін осы кісілердің барлығын жеке-жеке шақыртамын. Отырып алып сөйлесеміз, бәрін білеміз.

«Әсет Сатыбалдиев кетсін» деген топ төрелігін сұрап қаланың білім басқармасына барған. Бірақ басқарма басшысы Жанат Тәжиева мектеп директорын тағайындауға қауқарсызбын дейді. Бірақ Әсет Сатыбалдиевті жұмыстан кетіруді сұрап сотқа арыз түсіргенін жеткізді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы:

– Бұл Жоғары соттан да халықтың өтініші қанағаттандырылады деп ойлаймын.

– Сіз де Сатыбалдиевтің кеткенін қалайсыз ба?

– Әрине, міне, сотқа шағым түсірдім.

Ұжым мен ата-аналар тобы қалай болса да Әсет Сатыбалдиевті басшы ретінде қабылдамаймыз деп отыр. Керек болса Асхат Аймағамбетовке хат жазып, даулы директорды кетіреміз деп бекінген. Таққа таласқандардың ісіне енді Жоғарғы сот араласады.

Қатысты жаңалықтар

«ЖОМАРТ ЖҮРЕК» СЫЙЛЫҒЫ

azatmedia

Жаңа әліппенің қашан қолданысқа енетіні белгілі болды

azatmedia

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫЛЫҒЫ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ХАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ

azatmedia