Соңғы жаңалықтар

Мұражай қазынасын ашу

Қажымұқан Мұңайтпасов мұражайы.

Қажымұхан атындағы мұражайдың ерекшелігі сол, балуан батырдың жетістіктері мен жасаған ерлік істері жайында баяндалатын экспозициялардан құралған. Мұнда балуанға тиесілі барлық құжаттар мен суреттер жинақталған.

Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы біздің ауылға жақын орналасқан. Темірланда. Темірлан — Ордабасы ауданының орталығы. Ауылға қыдырып келген достарымды мұражайға апаратын әдетім. Бүгін сіздерге де бір таныстырып шығуды жөн көрдім. Мүмкін, біз жаққа жолдарыңыз түсіп жатса ертіп апарармын. Оған дейін…

Бұл мұражай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музей үйі болып 1976 жылы ақпан айында ашылған. Ал 2001 жылғы 26 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің №78 қаулысымен Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.

Мұражайдың шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан қарағанда жерді, елді жаудан қорғап өткен сарбаздарымыздың қолбасшылары, хан, бек, батырлардың шатырындай үшкірленіп тұр. Құрылыстың жоба-сызбаларын жасаушылар цирк аренасы секілді ойластырып, палуандық өнерді көрсетуді мұрат тұтқан. Күмбездің диаметрі – 12 метр, мұражай қабырғасының биіктігі іргетасымен қосқанда 5 метрден асады. Ал табанынан ұшар басына дейін – 16 метр.

Қажымұқан атамыз өте сирек кездесетін ірі тұлғалы палуан болған. 1946 жылы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев арнайы үйіне барып, жазып алған деректерді сөйлетсек, таза салмағы – 174 кг, бойы – 195 см (күресіп жүрген кезіндегі салмағы – 215 кг, бойы – 200 см барған), аяқ киімі шамамен 54-інші қалыпқа (размер) барған екен.

Бұл тастың салмағы 350 кг. Қажымұқан атамыз 75 жасында Түлкібас ауданында ел аралап, өнер көрсетіп жүргенінде көтерген екен. Ал 48 кг тасты бір қолдан екінші қолға ауыстырып, доп секілді ойнатқан.

Палуан атамыздың арбасының дөңгелектері.

Теңдессіз қара күштің иесі Қажымұқан атамыз Ресей, Франция, Германия, Швецария, Америка, Финлияндия, т.б. сынды 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц секілді палуандарды боз кілемдегі айқастарда шетінен жыққан.

Мұражайда көрермендердің қызығушылығын тудыратын, кезінде киелі палуанның тұрмыста қолданған заттары мен спорттық құралдары, киімдері, әлемдік жарыстарда ұтып алған медальдары, «Польша каролі Сегизмундтың атындағы жүлдені қатарынан 4 рет жеңіп алғандығы туралы белгісі жапсырылған қайыс белдігі, Қажымұқанның жеңісіне риза болған Варшава мұсылмандары сыйға тартқан ескерткіш белгі медальоны қойылған.

Сары самаурынды Қажымұқан атамыз үйленгенде достары сыйға тартқан екен.

Қажымұқан атамыздың жеке төлқұжаты.

Мекенжайы: Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылы.

Қатысты жаңалықтар

«Астана» президенттік клубы таратылды

azatmedia

Мешіттер қашан ашылады?

azatmedia

Психологиялық тест: Қай орындықты таңдайсыз?

azatmedia