Соңғы жаңалықтар

Қажымұқанның құпиялары

Қажы бабамыз 1983 жылы 100-ге келгенде, бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпаппыз. Тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы да 110 жылдығы тұсында үн-түнсіз қалғаны белгілі. Осыған орай қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовты өз көзімен көрген, қажымұқантанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дербес зейнеткер Қалиәкпар Әміржановты әңгімеге тартқан едік.

– Мен Қажекеңді 8-11 жасымда көргенмін. Ол кезде Омбы облысындағы Шарлақ (бертін Дробышев, Нововоршавка) ауданындағы Қаратомар ауылында тұратынбыз, – деп бастады әңгімесін Қалиәкпар аға. – Қажекең әр уақытта сондағы Г. Дмитров атындағы колхозда орналасқан ауыл советінің сессиясына бір топ белсенділермен бірге келіп жүретін. Жолшыбай түсетін жері – менің әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі.

Есенбай атам жуан талдан дойбы жасап, соны ойнауды үйреткен-ді. Қажекең бір келгенде үйдегілердің айтуымен дойбы да ойнағанмын. Артынан Қажекең жеңіліп қалғанда (әдейі жеңілген шығар) дойбымды ұрлағандай қимыл көрсетіп, үйде отырғандар мәз болып жататын.

Қажекеңнің 1910-37 жылдарға дейінгі келіп, кетіп тұрған елі – Омбы облысының Шарлақ ауданы, «Жаңа жол» колхозы (төре ауылы). Менің әкем Көшкімбай 1939 жылы қайыншылап осы араға көшіп келді. Сол 40-шы жылдары бірінші әйелі Бәтимадан (Н.Н.Чепков­скаядан) туған Халиолла, екінші алған әйелі – Ырысты үш қызымен «Жаңа жолда» төре ауылында тұратын. Біз сол мекенде 1939-41 жылдары Қажымұқанның Ырысты атты тоқалымен, оның қыздарымен үй арасында үй жоқ көрші тұрдық.1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мұнәйімға, 1946 жылы Айшагүлге үйленеді. Менің жақсы білетінім – «Сибкрай»(Ресей) өңіріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші неке қиып алғаны Н.Н.Чепковская (Бәтима), 16 жастағы аттың құлағымен ойнап жүрген «цирковая наездница», тепсе темір үзетін әртіс болған. Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, отау жасап, жеке шығарады. Біз сол елде тұрған жылдары (1939-41 жж) Халиолла үйлі-баранды, іргелі отбасы болған, сол «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені – Шабдан 1927 жылғы, менің досым. Екіағаш орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан бірден елге қайтпады. Қажекеңнің (Шымкент облысына) қолына келіп, үйленген, қазір зейнеткер, Омбы облысындағы Шарлақ совхозының Платоновка деген бөлімшесінде тұрады. Мен ағайын аралап жүріп 1999 жылы Шабданмен әдейі барып кездестім.

– Халиолланың басқа да балаларын білетін боларсыз?

– Халиолланның кейінгі балаларының аттары: Фарида, Разия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет. Орыс әйелінен туған баласының атын білмеймін.

Ел айтуынша, ақырғы екі немересінің атын азан шақыртып Қажекеңнің өзі қойған. Сол уақытта Қазақстан басшылары Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов болыпты. Бір немересін Елтай, екіншісін Құлымбет атауы соларға тартып зиялы азамат болып, ел басқарсын деген ойы болуы керек. Құдайға шүкір, Қажекең сол жалғыз Бәтимадан туған Халиолладан жеті немере көрді. Олардан тараған шөберелерін санамай-ақ қояйық. Омбы өңі­рінде «Жілік сындыру» деген дәстүр бар. Жылқының тоқпақ жілігі. Елге бір барғанда жігіттер, тамақтан кейін қолға орамал орап, сол дәстүрге кірісті. Көбі жілікті сындыра алмай, бір кезде, толықтау келген, жұмыр жігіт сарт еткізіп жілікті екіге бөлді де тастады. Отырғандар: – Бұл Халиолланың баласы, пәленше (атын ұмытыппын), — деп жамырап кеткені есімде.

– Бәтима әжеміз қандай жан еді?

– Бәтима апай ақжарқын, кездескен адаммен шүйіркелесіп кететін. Мінезі байсалды, ислам дініне кіріп Бәтима аталуының өзі бір ғажайып көрініс. Әрине, мұны істеткен Қажекеңнің абыройы, қазақ халқының әйгілі азаматының ісі. Бәтима апайдың айтқан әңгімелерінің ішінде есімде қалғаны қазақ жұртының бұрынғы дәстүрі, қыз беріп, келін түсіру, қалыңдық ойнауы салттарын әдемілеп келтіретін. Акценті болса да қазақша жақсы сөйлейтін. Бұл кісінің тағы бір қасиеті: Қажекең 1925 жылы Ырыстыға үйленгенде, әрине, өкпелейді, бірақ алысқа кетпейді. Бұрынғы өздері балалар үйінен асырап алған баласы Ғабдолланың қолына барып, Халиолланың қызы, өзінің немересі Разияны бауырына басып алады. Қаншама өмірдің тауқыметін көрсе де, Бәтима апай күйеуге шыққан жоқ, Разия немересін оқытып, тәрбиелеп, Хамза Сәрсенов деген қазақ жігітіне қосып, солардың қолында 1966 жылы дүние салды.

Ырыстыға келейік. Бұл кісі қараторының әдемісі болатын. Аузында сөзі бар, жан-жақты, шығармашылық қабілеті болатын. Қажекеңді қосып балаларының аузына салып берген шығарған өлеңдері де болған. Осы арада айтайын дегенім, Ә.Қоңыратпаев: «Арада жылдар өтеді», Бәтимадан соң Ырыстыға үйленді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді» («Күш атасы», 155-бетте) деп жазды. Үш қыз көргені рас, ал үш ұл Ырыстыдан болмаған. Ырыстыдан туғаны – София, Әзия, Рашида. София менімен жасты болатын, 1926 жылы туған, Әзиясы – 1928 жылғы, Рашида – 1930 жылғы. София бойы сұңғақ, әкесіне тартқан, 1950 жылы операциядан қайтыс болды. Әзиясы белшең, қыз болса да төртбақ. Ол кезде Үйіртіп базары (Железинка ауданы, Павлодар облысы) болып тұрады екен. Сол базарда Әзиясы палуанның алдына шығып:

«Жетіге, міне, келді менің жасым,

Көтерем екі пұттық кірдің тасын»

– деп өлеңін айтып келіп, кір көтергенін Әзияның өзі, басқалары да айтатұғын. Балалар қалжыңдасқанда біріне-бірі: «Әй, сен мықты болсаң Әзиямен күресіп көрші» дейтұғын. Әзиясы бертін келе әкесіне келіп Қызылорда жағында күйеуде, осы облыстың Шиелі ауданы, Ленин атындағы колхоздың «Алғабас» бөлімшесінде тұрған деп естідім.

Ырысты және ең кіші қызы Рашида 1942-1944 жылдары екеуі де қайтыс болды.

Жоғарыда айтып кеттік, екі немересінің аттарын Қажекең өзі қойған деп. Менің бала шақта естігенім бойынша, Софиясын – Болгар елінде, Әзиясын – Шығыс Азияда жүргенде тауыпты, сондықтан сол жүрген жердің, қаланың аттарын еске алып, өзі қойған есімдер екен. Шынында да қараңғы қазақ Софияны (Болгар астанасын), Азия (Жер бөлшегі екенін) қайдан біледі?

– Қажекеңнің тұңғыш баласы – Ғабдолла, екіншісі – Халиолла ғой? Олармен кездескен боларсыз?

– Әрине. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін көп уақыт өтпей Қажымұқанның ұлы Халиолланы соғысқа алып кетті. Бала-шағасымен жұбайы Шәпен жұртпен бірдей күндерін көрді. Бертін келе майданнан оралған Халиолла елдегі отбасына бармай, Шарлақта тұрып райзагстың бастығы болып жүрген бір орыс әйеліне үйленді. Өзі аудандық механизатор мектебінің ағаш-өңдеу цехында жұмыс істеді. Мен сол жылдары Шарлақта қызмет істеп жүрдім. Әр уақытта кездесіп, әңгімелесетінбіз. Мен бастық болып тұрғанда жұртқа керек едім, қазір маған адам қарамайды» деп өкпесін айтатын. Бертін келе (1975 жылы) Омбы жағына барып жүргенде Халиолланың орыс әйелі қайтыс болып, сол әйелінен туған баласы мен қазақ әйелі Шәпеннен туған балаларының маңайына келіпті деп естідім. Сонда Омбы облысындағы Платоновкада көп уақыт тұрса керек.

1999 жылы баласы Шабданмен кездескенде: «Папам қайтыс болды» деді де қойды. Қажекеңнің Халиолла баласы – қыр мұрын, шашы, қасы, мұрты қап-қара, қараторының сұлуы болатын. Дене құрылысы тіп-тік, орта бойлы зиялыға ұқсайтын. Мұқаңның бұл баласы әуелі әскерге барып, борышын өтеп келді, содан кейін колхоздың төрағасы, артынан Отан соғысына қатысып, оның ардагері болды. Палуанның немере, шөберелерінің өсіп-өнуіне, алты бала тапқан Шәпен жеңгеміздің еңбегі өте зор.

– Қажекеңе байланысты естеліктерде ең бір өкініштісі, палуанның Ғабдолла деген үлкен баласы туралы дерек жоқ. Неге?

– Тағы да Ә.Қоңыратбаевқа жүгінейік («Күш атасы», 155-б.) «…Ырыстыға үйленеді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді». Ер балаларына келгенде – «Бірі тергеуші» дейді де қояды. Сол тергеуші деп отырғаны –Ғабдолла. Бірақ ол Ырыстыдан тумаған. Маркс Қызыкенов («Күш атасы» 15-29-б.б) жазып алған әңгімесінде, бәйбішесі Бәтима апай да ол баласы туралы ештеңе айтпайды.

Сол төре ауылында («Жаңа жол» колхозы) тұрған кезде менің естігенім: 20-30-жылдары әке-шешелері өліп, жетім қалған балалар көбейіп, үкімет тарапынан «ұйымдастырылған» «Балалар үйлері» пайда болады. Сол кездегі қамқорлықтың, мейірімділіктің бір түрі – бала асырап алу болған. Қажекең «Балалар үйінен» бір баланы алып, мұсылманша Ғабдолла (одан кейінгі туғаны Халиолла) деп атын қойып, өз баласындай тәрбиелеп, Ғабдоллаға өзінің атын, фамилиясын береді. Сөйтіп, Ғабдолла Мұқанұлы Мұңайтпасов кейінірек Омбыда заң қызметкері болған. Елдің тағы бір аңызында: «Жоқ, Ғабдолла палуанның бел баласы, анда-мында әгу-гәйді салып жүргенде болып қалған дейді. Олай да болуы мүмкін. Сол Ғабдолла 1941-43 жылдары біз тұрған Дробышев (қазір Нововаршавка) ауданына көшіп келіп, тергеуші болып істеді. Ғабдолла жалғыз келген жоқ. Қолында өгей шешесі Бәтима апай (Қажекеңнің бірінші әйелі), өздері бауырына салған Разиямен (Халиолла қызы) бір отбасы болып тұрды. Сол соғыс жылдары қызмет бабымен Ғабдолла елге шығып жүрді. Жездем Жәнтемір Айдосовтың үйінде («Екіағаш» ауылы») ақырғы рет кездескенім бар. Орта бойлы, түрі ақшылдау, үстінде белбеуімен калың күрең шұғадан жасалған әскери бешпеті бар. Сыйлы қонақ келді ғой деп Жәнтемір жездеміз қисса айтатын өлеңшіні шақырған екен. Жастықты қолтығына басып жатып, тыңдап, әр жерде өзінің лебізін білдіріп, қиссаның кейіпкерлері ұнаса «молодец» деп, ұнамаса «мынауың бір «сволочь» екен ғой» деп қоятын. «Ақшаға» аудандық прокурор кеңесіне барып жүргенде Мұңайтпасов қайда деп сұрап қалсаң, кейде: «А, Александр Михайлович» кейде: «Абдул Муканович» дейтін.

Александр Михайлович дегендерінде ештеңе жоқ. Ресейде нағыз қара қазақтың өзіне орысша ат қойып алады. Қазақша акцентпен сөйлесе де, қазақ тілін жақсы білетұғын. «Халиолла болса, соғыста. Оның, әкемнің (Қажымұ­қанның) бала-шағалары қалды, осыларға бас-көз болайын деп, осы ауданға сұранып келдім. Бұлардың тұрмыстарын көрсем ішім ауырады, көрмей жүргенім жақсы еді» дейтін.

1944 жылы Ғабдолла Мұңайтпасовты Омбыға көшірді, бір жылдай прокурор болып тұрады. Содан кейін ол кісі партия мен үкімет шешіміне байланысты Батыс Украинаға Бендершілерге қарсы күреске барып, прокурор болып жүрген кезінде қаза табады. Бендершілдер оны атып өлтіреді. Міне, Қажекеңнің асыраған, тәрбиесін көрген ең үлкен ұлының бірі, Отаным, елім деп, өз еркімен барып, сол кездегі кеңес өкіметінің саясатына жан-тәнімен бе­ріліп өліп кетті. Азаматтық қой. Палуанның адамгершілігі ме, қайырымшылығы ма, әйтеуір орыстың (мүмкін өз ұлы) баласын асырап, мұсылманша ат қойып, қазақша үйретіп, заң қызметкерлерін даярлайтын оқу орнын бітіртіп, қазақ халқының ұлттық психологиясына дейін бойына сіңіріп ержүрек азамат жасағаны. Міне, менің білетін палуанның «Сибкрай» өңіріндегі ұрпақтары – осылар. Ал енді Ырыстыдан қалған София мен Рашида ерте дүние салды. Ырыстыдан туған Әзия қызынан бір қыз бар деп естідім, ал Шымкент маңайындағы, Мүнәйімнән – Айдархан, Айдарханнан – Шаттық, ең соңғы тоқалы Айшагүлден – Жәнәбіл, Жәнәбілден – Жанар.

– Қажы бабамыздың әлі біз білмейтін ұрпақтары болуы да мүмкін ғой?

– Шынында да менің білетінім өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жәнәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық.

Әрине, палуан ағамыз жас болды, мас та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз. 1960 жылы Қызылордаға Москва циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермейді. Бұл – қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын. 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирктің директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Оның айтқаны:

– 1960 жылдары болу керек. Бізге бір айдай жыл сайын келіп-кетіп білек күшімен (силовик) ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын. Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан деп әдейі іздеп келдім дегеннен кейін, ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді.

Енді «Караван» газетінің 2009 жылғы №15, 10 сәуірдегі санында Қажымұқанның Айдарханнан туған немересі Шаттық:

– «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали» дейді. Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ Қажымұқан деген атының өзі жалғыз қазақ халқының мақтанышы емес, басқа да ұлттардың өкілдері бұл есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген де ой келеді. Онда тұрған не бар? Француз императоры Наполеонның неменелері, Ресейдегі II Николайдың, Кеңес Одағын бас­қарған Сталиннің шөберелері Еуропа, Азияда еміс-еміс табылып жатқан жоқ па? Біздің Қажымұқанның олардан кем болмағаны байқалып-ақ тұр.

– Әңгімеңізге үлкен рақмет!

Сұхбаттасқан: Төреғали ТӘШЕНОВ, islam.kz

Қатысты жаңалықтар

ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

azatmedia

МОЛОДОЖЕНЫ ПРОГОЛОСОВАЛИ НА ИЗБИРАТЕЛЬНОМ УЧАСТКЕ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК АВТОБУСТАРҒА АРНАЛҒАН ТҰРАҚТАР ПАЙДА БОЛДЫ

azatmedia