Соңғы жаңалықтар

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ҚОС ҚАНАТЫ

– Сонымен, соғысқа барамын деңіз…
Аудандық әскери комис­сариат­тың бастығы, капитан Данияр Әлі­мов шау тартып қалған дала баты­рына таңырқай қарады.

– Иә, несі бар! Соғысып жат­қан­дар­дан менің жаным артық па екен? Ел басына күн туғанда өзін еркек­пін дейтін арда азаматтар үйінде бұғып жата ма? Ата-баба сал­тында ер-азамат ел шетіне жау түре кіргенде жамбастап жатып өл­мейді. Сен де айтады екенсің…

– Мен айтсам, ақсақал, тура­сын айтамын. Әскери тәртіп бар. Тәртіпке бағынған адам құл бол­май­­ды.

– Сонда сенің әскери тәртібің не дейді?

– Жасы келген адамды әскерге алуға болмайды дейді.

– Е, менің жасыма біреу қарап жатыр ма? Бойда күш бар, жігер бар, жаумен неге жағаласпасқа?! Мен сияқты талай адам соғыста жүр­ген шығар.

– Майданда талай адамның жүргені рас. Бірақ олардың арасында сіздің жасыңыздағы адамдар жоқ.

Қажымұқанның тосылған жері осы болды. Талай тасөткелден тайсалмай өткен тарлан емес пе, Айдарханын Мінәйімге табыс­тап, майдан шебінде жауға қарсы атой салғысы-ақ келген. Миша Боров, Ян Цыган сияқты алыптарды шаң қаптырып, жауырынын жер иіскеткен палуан пәкене ой­лы, ұзын бойлы фашистерден қорқады ғой деймісіз. Бірақ мы­на алдындағы комиссар «сізді со­ғыс­қа жібере алмаймын» деп отыр. Мана Шілік бойынан шылбырын сүйретіп келіп боз биені ұс­та­ғанда, оны арбаға жегіп, әйелі мен баласын қасына алып аудан орталығына шыққанда жол-жө­не­кей не айтып еді? Балуанын талай жан­кешті жарыстарға шыға­рып сал­ған Мінәйім апаның жүрегі сонда оқыс бүлк етіп еді-ау. Ол «батыр бір оқтық» дегенді жақсы білетін. Бірақ ерінің шешіміне ешқашан қарсы келіп көрмеген ол бұл жолы да үн қатқан жоқ. Үнсіз келісті. Басқа шарасы бар ма?

– Арлы азамат ел басына күн туғанда езіліп жатпас болар. Ал со­ғысқа жібермедің. Енді не істе­уім керек?

– Шамасы, мына Мінәйім ше­шей­­дің шайын ішіп жатқаннан дұ­ры­сы болмас, – деді капитан әзіл­де­мек болып.

Қажымұқан әншейінде ашулана қоймайтын адам еді. Баласымен жас­ты мына комиссардың сөзі шым­байына қатты батты.

– Әй, сен не оттап тұрсың? Бал­уан деген атым бар. Майданға мен де ел қатарлы үлес қосайын да. Мен бұдан да жаман күндерді, тар кезеңді,талай құқайды көрген адам­мын. Солардың арасынан аман өттім. Бір кезде нан тапшы бол­ғанда алтын, күміс медальдарымды қазынаның комиссиондық мага­зиніне өткізіп, ұнға талон алған­мын. Базарға қара бақыр тиынға сатқаным жоқ. Барымды еліме бердім. Әлі де бойымда күш-қуатым бар. Балуан деп басына көте­ретін елім бар. Қарт та болсам, ба­сым жерге тиіп отырғаным жоқ. Жиған-тергенімді Жеңіске, Совет Армиясына берсем болмай ма? – деді Қажымұқан қаһарланып.

– Е, мынауыңыз оң шешім екен, – деп әскери комиссардың жүзі жылыды.

– Осы бердеңке қанша тұрады?

– Винтовканы айтамысыз? Ол көп бол­са екі мың сом шығар.

– Арзан екен ғой.

Қажы­мұқан бұл бағаға көңілі толмады білем, зеңбіректің құнын сұ­рады. Одан жылжып танкіге кел­ді. Ақырында самолеттің баға­сын сұраған.

– Біздің шамалауымызша, са­мо­леттің бағасы 100 мың сом тұ­ра­ды, – деді капитан.

– Мен осыған тоқтадым, – деп балуан орынынан көңілдене кө­те­рілді.

Арса-арсасы шыққан ырдуан ар­баны борпылдақ топырақта сүй­реп боз бие келе жатты. Арбадағы ерлі-зайыптылар ой құшағында еді. Бала Айдархан шат-шадыман. Әке­сі ертең Шымкентке жүрмек. Қа­ла­ға барса әкесі оны да ала кетуі мү­м­кін ғой. Ал қалада балмұздақ бар.

Жол-жөнекей ерлі-зайыптылар ұзақ кеңесті.

– Балуан, мен не дейін? Адам тап­қан дүниесін өз игілігіне жұм­сай­ды. Оның қожайыны өзіңсің. Қайда, неге жұмсаймын десең де ер­кіңде. Бастысы, елге аса зәру бо­лып тұрғанда көмектескенің өте орынды. Мұныңды қостаймын. Маған салса, сенің амандығыңнан, мына баланың амандығынан басқа түк те керегі жоқ, – деген Мінәйім.

– Міне, бұл сөз-ақ. Ертең Темір­лан кассасында жатқан қар­жым­ды алып, Шымкентке барамын, – деп Қажекең өз байламын айтты, – со­ғыс­қа мені алмаса да самолетім барады. Жауға қырғидай тиеді.

Күйеуінің көңілді кейпін көріп Мінәйім марқайып қалды.

Ертеңіне Қажымұқан Шымкент қаласында облыстық партия коми­те­тінің хатшысы,танысы Сәлімжан Ғалиевтің алдында отырды.

– Қажы көке! Қайдан жүрсіз? Сізді келініңіз Нүрикамал да кө­рін­­бей кетті ғой деп менен жиі сұ­­раушы еді. Үйге түсіңіз, – деп қуа­нып қалды.

– Қонақ болу қашпайды. Өзің­мен ақылдасар аса маңызды ша­р­уа бар.

Хатшы ойланып қалды. Не сыр айтпақ? Балуан өз жайының шаруа­сымен, бақайесеппен келе­тін жан емес. Ендеше, ерекше бір мәселе болды ғой.

– Сәлімжан қалқам, сенен жасырар сырым жоқ. Бұл келіс жай ке­ліс емес, күрделі. Қан майданда жан алып, жан берісіп жатқан отан­дас­тарыма мен де үлес қоссам деймін. Ел аралап өнер көрсетіп тап­қан қаржым бар, Ресейден әкел­генім бар, бір кәдеге жарап қалар деп біраз қаржыны Мінәйім апаң екеуіміз кассаға салып қойған едік. Сол қаржыға самолет жасатпақшымын. Жетпеген жері болса, әйтеуір ел арасы береке емес пе, өнерімді бағалағандар тышқақ лағын болса да қосар. Сенің міндетің самолет сататын жерді біліп беру және сол само­лет­ті Мәскеуге жіберу, – деді Қажы­мұқан толқып тұрып..

Сәлімжан қуанып кетті. Көке­сін қапсыра құшақтап:

– Мұныңыз нағыз азаматтық. Сізді құттықтаймын! Ерлік көрсе­тіп отырсыз, – деді.

– Мен ерлікті шетелдерде талай жасағанмын. И.Корень, И.Лебедов, И.Шемякин, И.Зайкин және менің қымбат досым әрі ұстазым Иван Поддубныймен бірге Венгрия, Франция, Германия, Қытай, Польша, Корея, Түркия, Жапония, Африка елдерінде талай балуанның қабырғасын күй­реттім. Бұл жолғысы отан­ға деген адал­ды­ғым­ның, сүйіс­пен­ші­лігім­нің бір ұш­қыны ғана, – деп атақты балуан салмақты сөйледі.

Жиған-тергенін жинақ кассасына өткізген балуан мұнан соң да ел аралап біраз қаржы тауып қайтты. Түйе жүн кепісін жа­мылып ортаға шыға келген бал­уан­­ды көрген ауыл адамдары ішегін тартып тамсанушы еді. Шал­қасынан жатып кеудесіне қой­­ған тақтайдан жүк көлігін өткіз­­генде талайлар көздерін жұ­мып қайран қалған. Екі иығына ұзын кеспелтек ағаш қойып, оған төрт-төрттен адам отырғызып, шыр айналғанда үс­тін­­дегілер ұшып кете ме деп кө­рерм­ендер қор­қақтап тұрушы еді. Жүресінен оты­рып, басына қыштарды қатар-қатар қойып, балғамен соқты­ра­тынын қайтерсіз. Быт-шыты шық­қан қыштар жан-жаққа жаңқадай ұшып жататын. Екі түйе немесе екі ат жегіп алып, қамыттан тар­тыл­ған бауынан ұстап, екі жақ­қа айналғанда олар тұралап жүре алмай қалады. Осының барлығы үлкендер үшін де, балалар үшін де таңсық.

100 мың сом кассаға түгел өткі­з­­іліп болғанда Сәлімжан Мәс­кеу­­ге телеграмма салды. «Москва. СССР Қорғаныс Комитетіне. Жо­ғар­ғы Бас Қолбасшы И.В. Ста­лин жол­дасқа.

Мен қазақ халқының атақ­ты балуаны Қажымұқан Мұңайт­па­сов, өзімнің тапқан табысымнан жүз мың сом ақшаны Совет Ар­мия­сының пайдасына беріп отырмын. Сол ақшаға самолет жа­са­­ту­ды өтінемін. Сөйтіп ол само­летті майданға ең жақсы қазақ ұш­­қышқа табыс етуді сұранамын. Со­­веттік Отанның жеңісіне тілек­тестікпен Қажымұқан Мұңайт­па­сов» делінген еді телеграммада.

1944 жылдың күзінде самолет дайын болды. Истребительдің қанатының астына «Ең жақсы қазақ ұшқышқа. Қажымұқан» деп жа­зылды. Самолет Солтүстік-Ба­тыс майданына жеткізілді. Ко­ман­­дирлер оны таңдаулы ұшқыш Рашит Бекетовке тапсырды.

Осы аралықта Жоғарғы Бас қолбасшыдан Қажымұқанның атына телеграмма да келіп үлгерді. И.В. Сталиннің өзі қол қойған сол телеграмманы батыр бойтұмардай ұзақ сақтады. Авиация бөлімінің командирі мен саяси жетекші бірлесіп, Қажымұқанға хат жолдапты. Онда былай делінеді: «Сіз­дің Совет Армиясының жеңі­сі­не қосқан бұл үлесіңіз аса зор үлес. Отанын, елін, халқын шын сүй­ген азаматтық ерлік. Совет Ар­мия­сына сіз сыйлаған жауынгер самолет қазірдің өзінде, аз күнде тоғыз мәрте тапсырма орындап қайт­ты. Бәрі де табысты болды. Жаудың әскери техникасы мен қарулы күшін жоюда ерекше көзге түсті. Сізді өзіңіз жасатқан самолеттің жауынгерлік табысымен, алғашқы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге, совет елінің даңқты азаматтарына аса зор денсаулық тілейміз».

Ауыл пошташысы Адырбай осы телеграмманы Қажымұқанға табыстағанда балуанның иығынан бір жүк түскендей болған. Арада көп уақыт өтпей ұшқыштан да хат келді. Мұның барлығы да қарт балуанды мерейлендіре түсті. Ол майдан алаңына бармаса да Жеңіс үшін үлес қостым деген әдемі бір шаттық шуағына шомылып жүрді.

Рашиттен соң бұл истреби­тель­дің штурваліне аға лейтенант Қажытай Шалабаев отырған. Сонымен қатар қанатының астында «Қазақстан комсомолдары» деген жазу бар екінші истребитель де аспанға жиі көтеріліп жүрді. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, бұл само­леттің қаржысын Қазақстан жас­тары ерікті түрде жинап берген еді. Ал Қажытай Шалабаевтың балуан атасы атындағы истребительмен жау тылы аспанында жүз­ден астам рет рет қалықтап ұшып, тапсырмаларды тиянақты ор­ын­дап қайтқаны тарихтан бел­гілі. Дәл осы истребитель 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеу­де­гі Жеңіс шеруі кезінде әуеге тағы да көте­ріл­ді.

Кейінгі ұрпақ «Қажымұқан бабамыздың сол ұшағы бар ма екен?» деп жиі сұрайды. Оларға «иә, бар» деп қуана жауап қатқы­мыз келеді. Истребитель соғыстан соң Балтық бойындағы әскери музейге қойылған.

Бүгінде Түркістан облысы Темір­лан ауылының ортасын қақ жара өтетін күре жолдың бойын­да Қажымұқан бабамыздың му­зе­йі менмұндалап тұр. Музей­дің алдына балуан бабамыз жасатқан ис­тре­бителінің макеті қойыл­ған. Осы маңнан өткен сайын көп­шілік атақты балуанның қар­тай­са да, Отанына деген шексіз махаббатының жарқын көрінісі іспетті истребитель макетіне сүй­сі­не де ойлана қарайды.

Айтпақшы, Жеңістен соң Қажы­­мұқан атаның екінші әйелі­нен Жанәбіл атты ұл дүниеге кел­ді. Бұл 1948 жыл болатын. Айдархан мен Жанәбіл атты қос қа­на­тының қызықшылығына тоя алмаған күйі Жер жүзі балуан­­дарын тізе бүктірген дала қа­һар­­маны мәңгілік мекеніне аттан­ды. Бөген аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Р.Нұғыманов сол тұстағы сола­қай саясаттан қаймықпастан бал­уан­­ның жамбасы тиген жерден кесе­не­сін қарайтуға мұрындық болды.

Шымкент – Түркістан бағы­тын­дағы ұлан жолдың бойында, Темірлан ауылының өкпе тұсында көк күмбезді шағын кесене тұр. Арада қаншама заман өтті. 1948 жылдан соң салынған кесене күтім­ге алынғанымен, шағын ғана. Осы кесенені үлкейтіп, айналасын көр­кейтіп, көгалдандырып, әрі-бері ағылғандар зиярат етіп өтетін киелі мекен етіп қоятын мерзім әлде­қашан жетті. Бірақ біздің жұ­мысбасты шенеуніктердің әл-әзір­ге қолдары босайтын түрі бай­қал­майды…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,  Түркістан облысы

© egemen.kz

Қатысты жаңалықтар

ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

azatmedia

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ БАТАСЫ

azatmedia

«Енді істемегенің осы еді, ұят-ай» – Гүлзира Айдарбекованың видеосы желіні шулатты

azatmedia