Қоғам Соңғы жаңалықтар

«Қайтыс боп кетуіңіз мүмкін» – Атышулы істе сотталғандардың туысы шешіммен келіспейді

Шымкентте жалған медициналық клиника ашып, аңқау елге арамза молда болғандардың ісі аппеляциялық сотта қаралды. Екі жылда ұзын саны 668 адамның атына 125 млн теңгеден астам несие рәсімделген болатын. Сот үкімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсіргендердің талабы қаншалықты қанағаттандырылғанын «Астана» телеарнасы баяндады.

Шымкент қалалық сотының ғимаратына жиналғандардың дені – зейнеткерлер. Барлығы дертіңе дауа таптырам деп телефонына тыным бермеген уәдеге иланып, сеніп қалған.

«Тез ем алмасаңыз, жақында соңына жетейін деп тұр екенсіз, қайтыс боп кетуіңіз мүмкін деп қорқытты да, сонымен ем алуға көндірді. Сөйтіп олардың бағасын есіткен кезде мен ол бағаға 270 мыңнан төлеуге шамам жоқ қой деп ем, қазір көреміз, сіздің атыңызға кредит төлейміз, 18 айда сіз құтыла саласыз ғой, айына 15 мыңнан түседі деп көндірді»,- дейді қала тұрғыны Гүлнар Ерманбетова.

Клиника ішіне жайғасқан банк өкілдері «қара тізімде» болған сіңлісіне де осынша ақша шығарып беріпті. Гүлнар Ерманбетова секілді алдандық дегендердің ұзын саны – 668 адам. Кейбірі жартылай ем алғанмен нәтиже көрмеген екен. Өткен қыркүйекте басталып, тоғыз ай тергелген қылмыстық іске сот нүкте қойған. Жәбірленушілердің шығынын өндіруге үкім еткен-тін. Бірақ шуласқан жұрт әлі тиын көрмегендерін алға тартты.

«Ол үкім әлі амалға асқан жоқ. Ендігі біздің мақсатымыз осы 250 мыңды өзімізге қайтарып берсе, денсаулық жоқ. басқа жерлерге өзіміз емделеміз деген ой. Бізге тек ақшамызды қайтарса болды. Қай жерден өндіріп алатынымызды білмейміз»,- дейді Фердагүл Батырқұлова.

Әл-фараби аудандық сотының үкімімен өткен қыркүйекте бұл істе басты фигурант –ресей азаматы Алексей Гончаров 10 жылға, ал жеке клиникаларда басшылық қызметтерді атқарған жергілікті үш азаматша 5 жылдан 6,5 жылға жаза арқалаған болатын. Аппеляциялық сотқа шағым түсірген солар. Бірақ талап арызды ұзақ қараған сот алқасы ішінара болмаса бірінші сатыдағы сот үкіміне аса көп өзгеріс енгізген жоқ.

Бұл шешім сотталғандардың туыстарына жеңіл тимеген секілді. Еске салайық, сотталғандар 2017-2019 жыл аралығында  адамдарды диагностикадан тегін өткізіп, емдейміз деп Шымкентте бірнеше жалған медициналық клиникалар желісін ашқаны сотпен дәлелін тапқан. Бұл клиникалар Ресей азаматының тікелей басқаруында болған.

«Бірінші сатыдағы сот тергеуінде объективті түрде зерттелген дәлелдермен өз олардың кінәлары «алаяқтық» қылмыс жасағаны қанша халықты дүрбелеңге салып, осындай материалдық залал келтіргені дәлелденді»,- дейді Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин.

Ұйымдасқандар дертіне дауа іздеген жандарға 125 млн теңгеден астам шығын келтірген. Соның 120 млннан астамын Гончаров қайтаруы тиіс. Сот алқасы шығындарды қайтаруға үш ай мерзім берді. Алайда, сотталған жергілікті үш азаматшаның туыстары сот үкімімен келіспеді. Олар бұл істің басы қасында болған ресейлік бірнеше азаматты табуды талап етеді.

Қатысты жаңалықтар

Жаңашылдықтың бастамасы

azatmedia

Жастардың деструктивті ағымдар идеологиясына қарсы иммунитеті

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНДАҒЫ 5 ШАҒЫНАУДАНҒА ГАЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА

azatmedia