Биыл қала шетіндегі ықшамаудандардың жолдарын жөндеуге басымдық беріледі. Сонымен қатар Шымкент қаласының орталығындағы 7 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деп хабарлайды Anyqtimes.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында айтты. Сонымен қатар брифинг барысында қала әкімінің орынбасары көшелерді жамау және сызу жұмыстарының тұралап тұрғанына тоқталды. Басты себеп – ауа райының қолайсыздығы. Дегенмен сәуір айының 10-нан бастап аталған жұмыстар қайта жанданады.
“Tolem” жүйесін білесіздер. Қазір бұл жүйе тұрақты түрде жұмыс істеп тұр деп айтсақ болады. Стандарттық карталар бойынша тапшылық жоқ. Дегенмен қазір студенттер мен оқушыларға берілетін жеңілдік карталары бойынша қиындықтар болып жатыр. Сондықтан барлық оқушылар мен студенттер сатып алсын деп уақытты 15 сәуірге дейін шегердік…
Тағы да түсіндіріп айта кетейін, біздің мынау “Tolem” жүйеміз – таза инвестордың қаражатына енгізіп жатқан жүйе. Бұл жерде ешқандай Үкіметтің ақшасы жоқ” – деді Мақсұт Исахов.
Сонымен қатар жиын барысында Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ержан Жолдасов биыл жалпы қанша нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілетініне тоқталды:
“2021 жылы жалпы 168 нысан немесе 295 шақырым автомобиль жолдарын саламыз. Биыл берілетін жолдар – 155 нысан немесе 248 шақырымды құрайды. Биылғы есеп бойынша 63 пайыз жол – жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішіне жетеді. 13 нысан немесе 46 шақырым келесі жылға қалып отыр
Қаладағы аялдама саны – 1086. Сонымен қатар биыл жаңа аялдамалар қоямыз. Саны – 256”.