Соңғы жаңалықтар

76% жаңа тұлғалар. Партияішілік праймериздің ІІ кезеңі қорытындыланды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияішілік праймериздің екінші кезеңін қорытындылады, – деп хабарлайды zakon.kz.

«Осы іс-шараның қысқаша қорытындысын шығаруды жөн көріп отырмын. Бірінші. Біз барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдерді әзірлеуді аяқтадық. 216 мәслихатқа үміткер ретінде «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне 6253 партиялық енді. Өздеріңіз білетіндей, бірінші кезеңде праймеризге 10 мыңнан астам кандидат қатысты. Ал 1-4 қазан аралығындағы республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мың адам немесе барша нұротандықтардың 84%-і қатысты. Праймериздің екінші кезеңі аясында аудандық және қалалық конференцияларда электронды дауыс беруге 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының атынан 10 мыңнан аса делегат-сайлаушы қатысты», деп жазды ол желіде.

Барлық конференция мен пікірсайыстар әлеуметтік желілерде онлайн режимде көрсетілді. Бұл сайлау барысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етті.

Екінші. «Nur Otan»-ның халықтық тізімі жасалды.

Талдау көрсеткендей, әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттардың құрамымен салыстырғанда орташа жасы 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды.

Партиялық тізімдердің 24%-ін қызметтегі депутаттар құрайды, ал 76%-і – жаңа тұлғалар. Бұл қоғамның жаңаруға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді.

Үшінші. Партиялық конференцияларда аудандық және қалалық сайлауалды бағдарламалар бекітілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында бағдарламаның барлық жобалары праймериз кезінде тұрғындармен жан-жақты талқыланды. Азаматтардан түскен 17 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулердің 80%-тен астамы қабылданған өңірлік бағдарламаларда ескерілді.

Төртінші. Партияның Мәжіліске арналған қорытынды тізімі 25 қарашада «Nur Otan»-ның ХХ Съезінде бекітіледі», – деп жазды Бауыржан Байбек.

Ол пікірсайыстар қорытындысы бойынша 723 жеңімпаз анықталып, олар 14 облыстың партиялық тізімдеріне енетінін айтты. Олардың ішінен 236 адам келесі аптада «Nur Otan»-ның Мәжіліске арналған партиялық тізіміне қосылу үшін облыстық пікірсайыстарға қатысады. Қазіргі кезде елорданың, Алматы мен Шымкенттің кандидаттары сайланды. Электронды дауыс беру нәтижелерімен Primaries.kz сайтынан танысуға болады.

«Сарапшылар қауымы атап өткендей, партия праймеризі ең бастысы – бәсекелі, ашық та айқын негізде жұрт сенім артқан беделді тұлғалардың арасынан іріктелген әлеуетті депутаттар корпусын жасақтауға мүмкіндік бермек. Осылайша, «Nur Otan» Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың билеуші партияны «қайта жандандыру» аясында жариялаған «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидатын нақты іске асырды. Әлемнің жетекші елдерінде озық демократиялық құрал ретінде танылған праймериз қоғамымызда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол аша отырып, партиялық-саяси жүйенің ажырамас бөлігіне айналатынына сенімдімін» – деп жазды «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Қатысты жаңалықтар

Магистратура: грант иегерлерінің тізімі шықты

azatmedia

8 МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІШ ҚАРАЛДЫ

azatmedia

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 9 АЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАРАЛДЫ

azatmedia

Пікір қалдыру