Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су нысандарын жөндеу, жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі уақытта өңірдегі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Құрылыс барысы тұрақты бақылауда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында «Бәйдібек ата». су қоймасына арнайы барып, нысанның жұмыстарын бақылады. Жауапты сала мамандарына нысанның құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы орындалу қажеттігін ескертті. Тиісті тапсырмалар берілді.
«Бәйдібек ата» су қоймасының жобалық құны 15,7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «МК Технострой сервис» ЖШС мердігер мекемесі іске асыруда. Қойма 680 гектар аумақта орналасқан. Ал сыйымдылығы 67 млн м3. Қоймаға келетін су көзі Бөген өзенінен алынады. Оған қоса канал аумағында 9,7 мың гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтылады.
Су қойманың негізгі мақсаты – көктемгі тасқын сулардың алдын-алу, артық суларды жинақтап, суару маусымында пайдалану және «Бөген» су қоймасын толтыруға жіберу.
Су қоймасының іске қосылуы өңірдегі су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жаңа мүмкіндік береді. Жинақталған су қоры егістік алқаптарды қажетті деңгейде суландыруға, су тапшылығының алдын алуға және шаруалардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Жоба аясында су инфрақұрылымын жаңғырту, суару жүйелерінің тиімділігін арттыру және табиғи су көздерін ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл бастама өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға маңызды үлес қосады. «Бәйдібек ата» су қоймасының пайдалануға берілуі ауданның су қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, алдағы жылдары суармалы жер көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жол ашады.
