Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «мемлекет құқық аясына оралғаннан кейін» қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Azattyq.org сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының мәлімдемесі 9 қазанға қараған түні президенттің ресми сайтында жарияланды. Жээнбеков мәлімдемеде «елдегі саяси жағдайдың әбден ушыққанын» айтқан.
«Жағдайды реттеу үшін келесі қадамдар жасауымыз керек. Жогорку Кеңешке сайлау нәтижесі жойылды. Енді қайтадан парламент сайлауы белгіленуі тиіс. Мұндай шешімді орталық сайлау комиссиясы қабылдайды. Бұл шаралар қазіргі күрделі ахуалды сәл де болса қалыпқа келтіреді» деді президент.
Ол сонымен бірге дағдарысқа дейін істеген премьер-министр пен үкімет мүшелерін отставкаға жіберу қажеттігін айтып, бұл заңды тағайындауларға жол ашады деді.
«Премьер-министр мен үкімет мүшелерін заңды тағайындау үшін Жогорку Кеңеш пен президент жарлығы керек. Мен қажетті жарлықтарға қол қоюға дайынмын. Жогорку Кеңешінің қаулысын күтемін» деді ол.
Сооронбай Жээнбеков «парламент мүшелері өз міндеттерін атқаруы үшін құқық қорғау органдары Жогорку Кеңеш депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс» деді.
«Бірде-бір қызмет мемлекет тұтастығы, халық бірлігі мен қоғам тыныштығынан биік емес. Бізге қазір жағдайды тез арада құқық аясына бұруымыз керек. Атқару билігін заңды түрде бекітіп алсақ, мемлекет заң аясына оралады. Одан соң мен де Қырғызстан Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын» деді Жээнбеков.
6 қазанға қараған түні парламент сайлауының нәтижесіне наразы топ Ақ үй мен парламент ғимаратын басып алған. Содан бері президент Сооронбай Жээнбеков көпшілік алдына шыққан жоқ, бірақ оның баспасөз қызметі мемлекет басшысының атынан үздіксіз мәлімдемелер жариялап отырды. Баспасөз қызметі оның Бішкекте екенін, Қырғызстан аумағынан шықпағанын айтқан.
Бастапқыда Жээнбеков «саяси күштер билікті басып алуға тырысты» деп наразыларды айыптаған. Кейінірек олармен келіссөзге дайын екенін мәлімдеген.
4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген партия мүшелері оның отставкасын талап еткен еді. Кейінірек Жогорку Кеңештегі бірқатар депутаттардың импичмент процедурасын қолға алғаны белгілі болды. Ізінше заңгерлер де Сооронбай Жээнбековті қызметінен кетуге шақырған.