Түркістан облысының тұрғыны түрмедегі туысына манты ішіне ұялы телефон салып кіргізбек болған. Бұл туралы облыстағы ИЧ 167/9 мекемесінің басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, сотталушының жақындары телефонмен қоса, телефон чипін де жібермек болған. Бұл осыдан бір ай бұрынғы жағдай.
Ал күні кеше тағы бір сотталушының туысы сәлем-сауқат ішіне тыйым салынған зат салып жібергені анықталды. Белгілі болғандай, сәлем-сауқатпен жеткізілген 3 литрлік «Кока-кола» сусынынан спирттік ішімдік анықталған. Сондай-ақ, спорттық аяқ киімнің ішіне 20 мың теңге салып жіберген екен. Енді олардың әрекеті заңмен жазалануы мүмкін, – делінген хабарламада.