ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қырғызстандағы жағдайға қатысты Қазақстанның қандай ұстанымда екендігін айтып, желіге жазба жариялады, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы.
Оның жазуынша, қырғыз халқы әлі-ақ қазіргі тығырықтан шығудың жолы табады.
«Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі. Қазақстанда бауырлас Қырғызстанмен өзара дәстүрлі достық қатынастарды және стратегиялық серіктестікті нығайту аса маңызды деп санайды. Сонымен қатар көршілес елдегі ахуалды тұрақтандыру ісі Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді. Қырғыз халқы өз мемлекетінің ұзақ мерзімді мүддесі үшін күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды», – деп жазды.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда Қырғызстанның Бішкек қаласында митинг болды. Митинг кезінде сайлауда Парламентке өте алмаған партия өкілдері наразылық білдірген. Қақтығыс салдарынан 100-ден астам адам зардап шеккен. Оған қоса, наразы топ елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатып алды. Тіпті, Бішкек жанында Президент кеңсесі орналасқан Қырғызстан парламентінің ғимараты өртенді.