Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіндегі білім ордаларының құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіне қарасты 3 елді мекен бар. Олар – Қақпақ, Заңғар және Сырлысай ауылдары. Аталған елді мекендердегі мектептерді жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Уақытынан кешіккен болмаса жоспарға сай жүзеге аспай қалған фактілер кездескен жоқ.
Атап айтсақ, биыл Қақпақ елді мекеніндегі Қызылтаң жалпы орта білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тапсырыс беруші – Қазығұрт аудандық білім бөлімі. Жобалық смета құны 118 431 170 теңгені құраған. Жұмысты жүргізген мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» ЖШС. Мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталып, тамыз айында аяқталды. Барлығы жоспарға сай жүзеге асты деуге болады. Енді мекеме барлық талаптарға сай жұмыс істеуге даяр.
Бұдан бөлек, Қақпақ ауылдық округінің әкімі Мақсат Тастанұлы: «Ауылдық округте 3 Жалпы орта білім мекемесі және 1 бастауыш мектебі бар. Оған қоса 2021-2022 жылдары Сырлысай елді мекенінде 200 орындық мектеп салу жоспарда бар» дейді.