Осы жылы аса көрнекті сазгер, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толды. Ұлы сазгердің мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда. Сондай шараның бірі – «Толқысын шартарап» республикалық ән байқауы болатын.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған аталмыш шара сәуір айынан бері онлайн форматта өтті. Оған еліміздің әр өңірінен қатысқан 40-қа жуық үміткерл қатысып, алғашқы турда оларда белгілі сазгерлер, сахна тілі мамандары саралап, үздік он қатысушыны екінші кезеңге өткізсе, екінші кезеңде көрермендер жүлдегер үштікті дауыс беру арқылы анықтады.
Өткен аптада Жастар ресурстық орталығы композитордың туған өлкесінде жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді. Шараға орталық басшысы мен жеңімпаздар және арнайы қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртай композитордың шығармашылығына тоқталып, алдағы уақытта да сазгер мұрасы насихаттала беретінін атап өтті.
Үздік шыққан жүлдегерлерге Қойшыбай Аяулым (1 орын иегері), «Қос-Тұра» дуэті (2 орын иегері) мен Әлқуат Айдосқа (3 орын иегері) арнайы алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздар мен сазгердің жерлестері әннен шашу шашып, қонақтарға қуаныш сыйлады.
Сонымен бірге, шара аясында сазгердің құрметіне ашылған «Шәмші үйіне» онлайн саяхат жасалды. Жақында ғана ашылған «Шәмші үйінің» ішіне өзі мен отбасына тиесілі жүзден аса дүние қойылған.