31 жастағы Гүлжауһар Кунжубаева өкпесінің 80 пайызы қабынып, ауыр халде Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына түскен. Дәрігерлер жүкті келіншекті бірден жансақтау бөліміне жатқызады.
Қандағы оттегі мөлшері тым аз болғандықтан ол 15 күн бойы өкпені желдету аппаратымен тыныс алған. Осы уақыт ішінде жансақтау бөліміндегі мамандар шаранасы бар әйелдің саулығы үшін күресіп, оң нәтижеге қол жеткізді.
Жүкті әйелдің денсаулығы он алтыншы күні жақсарып, палатаға ауыстырылды. Бүгінде аяғы ауыр азаматша өздігінен тыныс алып, денсаулығы жақсарған.
“Қазір жағдайым жақсы. Барлығыңызға алғыс айтамын. Әрдайым күлімдеп, жанымды жылы сөзбен емдеген медицина мамандарына алғысым шексіз” – дейді Гулжауһар Күнжубаева.
Жүкті келіншек бір айдан аса уақыттан бері Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлердің бақылауында. Мамандар анасы мен шарананың жағдайы жақсы дейді.
«Науқас 6 шілде күні ауруханаға түскен. Қазір 29 апталық жүктілік мерзімінде. Құрсағындағы баланың жағдайы жақсы. Протокол бойынша ем алуда. Енді антибиотиктерін азайтып, оттегісіз дем алуды үйретіп жатырмыз» – дейді дәрігер-гинеколог Нұржамал Көшенова.