Түркістан облысы Келес ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты №56 Т.Белгібаев мектебіне биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azatmedia.kz. Атап айтсақ, 5 миллион 800 мың теңге қаржыға жылыту жүйесін қалыпқа келтірсе, 128 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстың жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, өткізіліп қойған.
«Келес ауданы Бірлік ауылдық округі Жаңа тіршілік елді мекеніндегі 2008 жылғы төтенше жағдайдан кейін салынған мектепте 450-ге жуық бала оқиды және жыл сайын жиырмадан астам оқушы білім ұясынан қанат қағады. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 24 жас түлектің жетеуі қатысып, орташа балл 73-ті құрады. Оқушыларымыз жыл сайын музыка, химия, биология секілді пәндер бойынша облыстық олимпиададан жүлделі орындарға ие болып келе жатыр», – дейді №56 Т.Белгібаев мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Байқараев Нұржан.
Директор орынбасарының айтуынша, мұғалімдер мен оқушылар жаңа оқу жылында қашықтықтан оқыту жүйесін смартфон арқылы жүргізуге дайын көрінеді.