Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Дегенмен, миллионды қалада жыл сайын баспанаға да сұраныс артуда. Қазіргі таңда үй кезегіне тіркелген 44 635 азаматтың 19844-ін мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер құрайды. Бірнеше бюджеттік ұйым қызметкерлері бүгін дәл осы тұрғын үй мәселелері бойынша қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің онлайн қабылдауында болды. Ерғали Дәулетбекұлы әр азаматтың мәселесін жеке тыңдап, баспанамен қамтудың тиімді бағдарламаларын қарастырды. Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында «5-10-20» Шаңырақ» бағдарламасы, 5-20-25 және 7-20-25 несиелік бағдарламалары ұсынылуда. Тіпті ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Биыл баспанаға мұқтаж азаматтарға қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қайтарымсыз негізде 300 млн. теңге тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып отыр. Басты талаптары мен өтініш қабылдау туралы хабарландыру алдын-ала жарияланатын болады. Тұрғын үй сертификатын алуға мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілері үміткер бола алады.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық