Қазіргі коронавирус дендеген кезең еліміздің білім саласына да салдарын тигізіп жатқаны анық, деп хабарлайды Azatmedia.kz. Осыған байланысты 2020 жылдың наурыз айында оқушыларды қашықтықтан оқыту жүйесі енгізіліп, балалар оқу жылын үйде оқу арқылы аяқтаған еді. Енді 2020-2021 жылғы оқу жылында оқушыларды үш түрлі режимде оқыту жүйесі ұсынылып отыр. Ол туралы Түркістан облысы Келес ауданы Бозай ауылдық округіне қарасты Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры айтып берді.
«Қазір карантинге байланысты жаңа оқу жылына үш түрлі режим ұсынылған. Олар – штаттық, ішінара, яғни 1, 2, 4, 11 сыныптарды мектепте оқыту және қашықтықтан оқыту жүйелері. Көріп отырғандарыңыздай ауылдық округте интернет желісі жақсы деңгейде, барлық үй қамтылған. Егер қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілсе, барлығы дайын», – дейді мектеп директоры Жұмабек Сопбеков.
Сондай-ақ, 450 оқушысы бар мектеп директорының айтуынша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын қашықтықтан оқу үшін өткен оқу жылында мектептегі 20 компьютер уақытша берілген. Егер қажет болса, жаңа оқу жылында да беруге дайын екен. Оған қоса аталған санаттағы оқушыларға тұрақты түрде ыстық тамақ беріліп келген.