«Бір әйелдің екі күйеуі болу керек». Жақында ғана желіні осылай деп шулатқан отандық психологтың бұл пікірі еркек кіндіктің шамына тигенімен, кей нәзік жандарға жаққан тәрізді, – деп хабарлайды Zakon.kz.
Айтып-айтпай не керек? «Бір әйелге қос еркек» деген, не тәйірі? Бастаманы көтерген психологтың өзін әңгімеге тарттық. «Бұған үрке қараудың қажеті жоқ. Қазір әйелді еркек емес, еркекті әйел сүйрейтін заманға жеттік қой», – дейді, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
СЕРІКГҮЛ СӘЛИ, ПСИХОЛОГ:
Бір 35 пайыз жағдайда осындай отбасылар бар. Соларды әйел асырап отыр, әйелі қызмет жасайды. Сол әйелдің жағдайын жасау ше? Бір еркек оның жағдайын жасай алмай отыр. Бұл бір деңіз. Екіншіден, еркекке бірнеше әйел алуға болады екен, неге қыз-келіншектерге де мұндай мүмкіндік бермеске. Мәселен шариғатымызда…
Ер адамдарға 4 әйел алуға дейін рұқсат берілген. Ал әйел затына келгенде талап мүлдем басқа.
МЕДЕТ ҚҰРМАШҰЛЫ, ҚМБД ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Мысалы, ертең бір әйелдің бірнеше күйеуі болатын болса, ол бала кімнен туды? Мысалы кім оның әкесі атанады? Сондықтан ол шариғатымызда қатаң түрде тыйым салынған, харам нәрсе.
Яғни, псилохогтың айтпағы – еркек пен әйелге берілген құқық теңдей бөлінуі тиіс. Қызығы, оның бастамасын жарыса қолдай кеткендер де аз емес екен.
СЕРІКГҮЛ СӘЛИ, ПСИХОЛОГ:
Ер адаммен өзін тең құқылымын деп есептейтін, еркекпен теңдей құқығым бар деп санайтын әйелдердің барлығы я дұрыс, бұл жаңалық емес, бұған нағып елдің бәрі таңғалып жатыр деп солай айтып жатыр.
Отбасы құндылықтарын дәріптеп жүргендерді де сөзге тарттық. Бұл дінімізге де, ділімізге де мүлдем жат қылық қой, – дейді олар.
БЕКЗАТ ЕРМЕКБАЕВА, ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МЕНЕДЖЕРІ:
Біз шыққан генімізді ұмытпауымыз керек. Шыққан тегімізді ұмытпауымыз керек. Бір әйелге екі еркек деген біздің табиғатымызға мүлдем жат нәрсе.
Осылайша, желіні бір шулатып, қоғамның пікірін қақ жарған психологтың мәлімдемесі кей нәзік жандардан қолдау тапқанымен, басым көпшілігі бұған қарсы шығып отыр.