Қоғам

ТҮРКІСТАН: «ОТЫРАРДАН БАСТАУ АЛҒАН ОТТЫ ЖЫР» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен, Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Отырардан бастау алған отты жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Айтыс «Құрмет», «Парасат» ордендерінің және «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналды.

Жыр додасының басты мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптеудің, жастарға өнеге көрсету және Отырардың бай рухани мұрасын насихаттау.

Іс-шара басталмас бұрын Мәдениет сарайы алдында мерейтой иесіне қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша арғымақ ат мінгізіліп, иығына зерлі шапан жабылды. Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.

Аламан айтыста қонақтар алдымен фойеде орналасқан айтыскер ақынның шығармашылығына арналған және суретші Әділхан Мәліктің туындыларынан құралған арнайы көрмені тамашалады.

Айтыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.

Аламан айтысқа елімізге танымал сөз шеберлері – Нұрмат Мансұров, Серік Қуанған, Қалижан Білдәш, Қажымұқан Абзалов, Біржан Байтуов, Аспанбек Шұғатай, Шалқарбай Ізбасаров, Дидар Қами, Нұрмахан Жақыпбек пен жерлесіміз Дәурен Ақсақалов сынды айтыскер ақын қатысып, өзара бақ сынасты.

Ақындардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс және жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы баға берді. Ал айтысты жүргізген белгілі айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай өзінің шеберлігімен көрермен мен ақындар арасындағы байланысты күшейтіп, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Аспанбек Шұғатай иеленді. Ал І орынға Қалижан Білдәш қол жеткізсе, ІІ орынға Шалқарбай Ізбасаров пен Дидар Қами лайық деп танылды. ІІІ орынды Серік Қуанған мен Дәурен Ақсақалов еншіледі. Сонымен қатар байқауда бірқатар арнайы жүлделер де табысталды. «Мырзабек Байжанов» атындағы арнайы жүлде Нұрмахан Жақыпбекке, «Таушен Абуова» атындағы арнайы жүлде Нұрмат Мансұровқа, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде Біржан Байтуовқа және «Қаныбек Сарыбаев» атындағы арнайы жүлде Қажымұқан Абзаловқа табысталды.

Айтыс тек өнер сайысы ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртатын, сөз құдіретін дәріптейтін маңызды мәдени алаң ретінде ерекшеленді. Қатысушылардың әрбір шумағы Отырардың тарихи болмысын, қазақ халқының рухани тереңдігін және қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы түрде жеткізіп, көрермен ықыласына бөленді. Бұл жыр додасы дәстүрлі өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар іс-шара жас ақындардың шығармашылық дамуына серпін беретін үлкен мектепке айналды. Танымал айтыскерлермен қатар сахнаға шыққан жас таланттар өз шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай орта жаңа есімдердің қалыптасуына және айтыс өнерінің сабақтастығын сақтауға ықпал етеді.

Көрермендер тарапынан да айтысқа деген қызығушылық жоғары болды. Залға жиналған жұртшылық ақындардың тапқырлығына, суырыпсалма қабілетіне ерекше ықылас танытып, әрбір сөз сайысын ыстық қол шапалақпен қолдап отырды. Бұл халық пен өнер арасындағы рухани байланыстың әлі де берік екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай республикалық деңгейдегі айтыстарды дәстүрлі түрде өткізу арқылы ұлттық өнерді кеңінен насихаттау жоспарланып отыр. Бұл бастама қазақтың төл өнерін жаңғыртып қана қоймай, жастарды сөз өнеріне баулып, рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.

Қатысты жаңалықтар

Қоян жылы кімдер миллионер атанады?

azatmedia

Газ плитасында қалдырылған тамақ – өрттің себебі!

azatmedia

Тиктокерлерді түлен түртті (видео)

azatmedia