Төлеби ауданының №7 IT мектеп-лицейі базасында «Білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру, ерекше назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды сүйемелдеу және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында ақпараттық семинар өтті.
Іс-шараға ауданның білім беру ұйымдарының басшылары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер және медицина мамандары қатысты.
Семинар барысында білім беру ұйымдарында «Жасыл дәліз» тетігін ұйымдастыру, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 4 шілдедегі №170 бұйрығының талаптарын түсіндіру, сондай-ақ №233 және №92 бұйрықтары аясында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысын жүйелеу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды дер кезінде анықтау, оларға тиісті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және сүйемелдеу жұмыстарының тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Жиын барысында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен медицина мамандары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинардың негізгі мақсаты – балалардың психологиялық саулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған әрбір балаға уақытылы қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жетілдіру.
Әр балаға – қолдау, әр қадамға – жауапкершілік, әр балаға – қауіпсіз орта!
