Қазығұрт ауданында Түркістан облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен ұлы ойшыл, ақын, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.
Тағылымды басқосуға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов, белгілі ғалым, профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов, философия докторы Төлеген Мұхит, сондай-ақ ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, имамдар, түрлі сала мамандары мен жастар қатысты.
Семинарды жүргізген Ерлан Дәкенов алғашқы сөзді Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлына берді. Өз сөзінде ол Қожа Ахмет Ясауидің тағылымы – бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпаған рухани құндылықтардың қайнар көзі екенін атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит Ясауи мұрасының тарихи-философиялық мәні, түркі дүниесінің рухани дамуындағы орны, ұлттық дүниетаным мен салт-дәстүрдің сабақтастығы жөнінде мазмұнды баяндамалар жасап, тың ғылыми тұжырымдар мен тарихи деректерді ортаға салды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен ілімін кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда имандылық, адамгершілік, әділдік, білім мен ізгілік құндылықтарын нығайту, сондай-ақ оның бай рухани мұрасын жас ұрпақтың дүниетанымына сіңіру.
Жиын барысында қатысушылар Ясауи ілімінің қазіргі қоғамдағы маңызы, ұлттық руханиятты сақтау мен жастар тәрбиесіндегі рөлі жөнінде кеңінен пікір алмасты. Семинар еркін форматта өтіп, тұрғындар мен жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды.
Семинар қорытындысында Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев сөз сөйлеп, рухани мұраны дәріптеуге бағытталған игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Ол арнайы келген ғалымдар мен сарапшыларға алғысын білдіріп, Қазығұрттың тарих пен тағылым тоғысқан киелі мекен екенін атап өтті.
Айта кету керек, Қазығұрт – Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған қасиетті тауымен, Үкаша ата, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Ақбура, Ысмайыл ата секілді тарихи-рухани орындарымен ерекшеленетін, қазақ халқының рухани жадында айрықша орын алатын өлке. Сондықтан «Ясауи керуенінің» дәл осы қасиетті өңірге ат басын бұруы тарихи және рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Кездесу қатысушыларға рухани азық сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – тек діни-танымдық бағытпен шектелмейтін, түркі халықтарының мәдениеті мен өркениетінің қалыптасуына ықпал еткен кең ауқымды рухани құндылық. Ғұламаның еңбектерінде адам бойындағы ізгі қасиеттерді жетілдіру, білімге ұмтылу, адалдық пен сабырлылықты сақтау сынды жалпыадамзаттық қағидалар кеңінен көрініс тапқан. Бұл идеялар бүгінгі күні де қоғамның рухани дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Семинар аясында айтылған ойлар мен ғылыми пайымдар Қожа Ахмет Ясауи ілімін зерттеудің маңыздылығын арттырып, оның мұрасын зерделеу бағытындағы жұмыстардың жалғаса беру қажеттігін көрсетті. Ғалымдар мен сарапшылардың пікірінше, Ясауитануды дамыту – өткенді тану ғана емес, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың тиімді жолдарының бірі.
Сонымен қатар, мұндай тағылымды кездесулер жастардың ата-баба мұрасын тереңірек танып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне мүмкіндік береді. Өскелең ұрпаққа тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын таныстыру арқылы елдік сана, отансүйгіштік және мәдени мұраға деген құрмет қалыптасады.
«Ясауи керуені» секілді ғылыми-танымдық жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтуға, тарихи тұлғалар мұрасын халыққа кеңінен танытуға өз үлесін қоса береді. Бұл бастамалар ұлттық руханиятты дамыту жолындағы қадамдардың бірі болып қала бермек. Семинар барысында көтерілген мәселелер Қожа Ахмет Ясауи мұрасының уақыт өткен сайын тереңдей түсетін рухани маңызын көрсетті. Оның хикметтерінде насихатталған адамдық қасиеттер, татулық пен бірлік идеялары қазіргі қоғам үшін де аса құнды. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармаларын зерттеу, насихаттау және оны кейінгі буынға жеткізу – ұлттық руханиятты сақтаудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
