Almaty Tech Cup XII халықаралық технофестивалі Түркістан облысы үшін айтулы жеңістерге толы болды. Робототехника, инженерия және жасанды интеллект бағыттарында бақ сынаған өңіріміздің дарынды оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық чемпионаттарға жолдамалар, беделді марапаттар мен университеттердің толық білім гранттарын иеленді.
Байрақты бәсекеде Қазығұрт ауданының Qazygurt, Төлеби ауданының Tólebi Daryn және Barni, Сарыағаш ауданының SilkWayBots, Түркістан қаласының 33Tur Robotics пен TurAndroid командалары халықаралық чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар бірқатар командалар FIRST LEGO League бағдарламасының түрлі аталымдары бойынша арнайы марапаттарға ие болып, облыс намысын абыроймен қорғады.
Жарыс қорытындысында Төлеби ауданының Tólebi Daryn командасының капитаны Сматилла Нұрислам Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің толық білім грантын жеңіп алса, Қазығұрт ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Давронбек Гүлмира Hour of AI бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университетінің толық білім грантына ие болды. Сондай-ақ Түркістан қаласының оқушысы Абай Нұрдәулет Бахытұлы RoboCup Soccer бағыты бойынша күміс жүлдені жеңіп алды.
Нәтижесінде Түркістан облысының 6 командасы халықаралық чемпионатқа жолдама алып, 2 оқушы толық білім грантын жеңіп, халықаралық деңгейдегі беделді жарыста өңірдің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл – оқушылардың табанды еңбегі мен талпынысының, жаттықтырушылар мен жетекшілердің кәсібилігінің және ата-аналардың қолдауының жемісі.
Халықаралық технофестивальде қол жеткізілген бұл жетістіктер Түркістан облысында робототехника мен STEM бағытындағы білім берудің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Оқушылардың инновациялық жобаларға қызығушылығы артып, заманауи технологияларды меңгеруге деген ынтасы жылдан-жылға күшейіп келеді.
Қазығұрттық жас өнертапқыштардың халықаралық чемпионатқа жолдама алуы – аудан жастарының ғылым мен технология саласындағы әлеуетінің айқын дәлелі. Мұндай жетістіктер басқа оқушыларға да шабыт беріп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және ғылыми ізденіске ұмтылуға жол ашады.
Бүгінде робототехника мен жасанды интеллект саласы болашақтың негізгі бағыттарының бірі саналады. Сондықтан білім беру ұйымдарында оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық бастамаларын қолдауға және тәжірибелік жобалармен айналысуына ерекше мән беріліп келеді.
Алдағы халықаралық додада Түркістан облысының командалары жоғары дайындықпен қатысып, еліміздің намысын лайықты қорғайды деген сенім зор. Жас өнертапқыштардың жаңа жетістіктері өңірдің білім мен инновация саласындағы беделін арттырып, Қазақстанның халықаралық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі орнын нығайта түспек.
Түркістан облысының жас инженерлері мен өнертапқыштары алдағы халықаралық чемпионаттарда Қазақстанның көк Туын әлемдік аренада биікке көтеріп, ел абыройын асқақтата беретініне сенім мол! Барша жеңімпаздарды, олардың жетекшілері мен ата-аналарын шын жүректен құттықтаймыз.
