Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны ашылды. Кәсіпкер Обиджон Омаровтың бастамасымен іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы бүгінде түрлі тәтті өнімдер өндіруді қолға алған.
Кондитерлік цехта түрік пахлавасы, кептірілген нан, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Кәсіпорын тәулігіне 600 қорапқа дейін, шамамен 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Астана және Жезқазған қалаларына жөнелтіледі. Бұл өндіріс орнының өнімдері өңірлік нарықпен қатар, еліміздің өзге қалаларында да сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі – франшиза арқылы Өзбекстаннан алынған арнайы технологияны пайдалануында. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері тоңазытқышта сақтауды қажет етпей, 30 күнге дейін сапасы мен дәмін жоғалтпайды. Мұндай өнім түрі кәсіпорында ерекше технология бойынша әзірленеді.
Кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту, өндіріс көлемін ұлғайту және өткізу нарығын кеңейту жоспарланып отыр. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы өнім сапасын тұрақты сақтап, тұтынушылар сұранысына сай жаңа кондитерлік өнімдерді шығару көзделуде.
Мұндай өндіріс орындарының ашылуы өңірде шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде кәсіпорынның өндірістік қуатын ұлғайтып, өнімді еліміздің өзге өңірлерімен қатар сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндіктерін қарастыру жоспарлануда. Бұл өңірде шығарылатын отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жергілікті өндірістің дамуына оң әсер етеді.
