Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ИНДУСТРИЯЛДЫҚ АЙМАҒЫНДА 30 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Бүгінде 63,8 гектарды құрайтын Түркістан индустриялық аймағында жалпы 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 21 жоба іске қосылып, 9 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Жобалардың жалпы құны 19,641 млрд теңгені құрайды. Оның 9,725 млрд теңгесі игеріліп, қалған 9,916 млрд теңге көлеміндегі инвестицияны игеру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы индустриялық нысандарды аралап, өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Аралау барысында қала әкімі индустриялық аймақта салынып жатқан Өндірістік парк кешенінің құрылысын қадағалап, нысанның сыртқы келбетін талапқа сай ретке келтіруді, аумақты абаттандыруды және асфальт төсеу жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты мердігер мекемеге заң аясында тиісті шаралар қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, қала басшысы индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз бұйымдарын өндіру жобасының құрылысымен танысты. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын жоба 5 гектар аумақта орналасқан. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған. Аталған өндіріс орнында 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жалпы индустриялық аймақтағы кәсіпорындарда 901 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалар толық іске қосылғаннан кейін қосымша 306 жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді. Қала әкімі өндірістік аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндіріс орындарының құрылысын сапалы аяқтау және барлық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды тұрақты қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға әрбір инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған. Өндірістік қуаттардың ұлғаюы жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, қосымша құнды өнім шығаруға және аймақтың инвестициялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобаларды қолдау арқылы заманауи технологияларды енгізу, отандық өндірісті дамыту және еңбек нарығына қажетті жаңа мамандарды даярлау жұмыстары да күшейтіледі. Бұл бастамалар Түркістан қаласының экономикалық өсіміне ықпал етіп, тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады. Алдағы уақытта индустриялық аймақтағы жобаларды толық іске қосу, өндіріс орындарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және жаңа инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Өнеркәсіп саласының дамуы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі болмақ.

Қатысты жаңалықтар

ЕЛ ТУРИЗМІН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА

azatmedia

Ұшу аппаратын жасап, өзі қаза тапты

azatmedia

Қазақстанда картоп бағасының шарықтау себебі анықталды

azatmedia