Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралып, олардың қала құрылысы талаптарына сәйкестігі жан-жақты талқыланды.
Кеңес барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, олардың өңір экономикасына, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесі туралы баяндады. Сонымен қатар ұсынылған нысандардың сәулеттік келбеті, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, қоршаған ортамен үйлесімділігі және заманауи құрылыс талаптарына сай болуы мәселелері қарастырылды.
Облыс әкімі әрбір жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ сәулеттік шешімдер өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен үйлесіп, Түркістанның заманауи келбетін қалыптастыруға үлес қосуы қажет екенін жеткізді. Инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңес қорытындысында ұсынылған жобалар бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, сәулеттік шешімдерді жетілдіру, жобаларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және іске асыру жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.
Өңірде жүзеге асырылатын жаңа жобалардың сәулеттік сапасы мен мазмұны Түркістан қаласының даму бағытына сәйкес қалыптастырылуда. Әрбір нысанның заманауи талаптарға сай болуы, қала кеңістігімен үйлесуі және тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыруы басты назарда ұсталады.
Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында құрылыс сапасымен қатар, нысандардың функционалдық тиімділігіне, инженерлік желілермен қамтамасыз етілуіне және экологиялық талаптардың сақталуына ерекше мән беріледі. Бұл тәсіл қаланың тұрақты дамуына және оның туристік әрі іскерлік әлеуетінің артуына ықпал етеді. Алдағы уақытта Түркістанда жаңа әлеуметтік және инвестициялық нысандарды дамыту жұмыстары жалғасып, қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи архитектуралық бағыттарды енгізу көзделіп отыр. Мұндай жобалар өңірдің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
