Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте цифрландыру, байланыс пен интернет инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық қауіпсіздік және жасанды интеллект жобалары талқыланды.
Облыстағы 801 елді мекеннің 769-ында 4G және 3G желісі бар, 32 елді мекен кезең-кезеңімен қамтылуда. 196 аумақта 5G базалық станциясы іске қосылған. Байланысы әлсіз 95 аумақтың 72-сіндегі мәселе шешіліп, қалғаны жыл соңына дейін реттеледі. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр.
Қоғамдық қауіпсіздік үшін 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 8000 камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату басталды. Сонымен бірге мектептердегі интернет сапасын онлайн бақылау, әкімдікке арналған жасанды интеллект көмекшісі, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі байланыс операторлары ұсынған мобильді интернет пакеттерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ облыс аумағында 5G желісін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауды міндеттеді. Бұдан бөлек, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытудың кешенді жол картасын әзірлеп, атқарылған жұмыстар туралы ай сайын есеп беруді тапсырды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту өңір тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерге, білім беру ресурстарына және заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту – халықтың цифрлық сауатын көтеріп, кәсіпкерлік пен жаңа жұмыс бағыттарының дамуына серпін беретін маңызды фактор.
Байланыс желілерін кеңейту арқылы шалғай аумақтардағы тұрғындардың мүмкіндіктерін арттыру, онлайн қызметтерді пайдалану аясын кеңейту және білім мен ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жобалар өңірдің цифрлық даму қарқынын күшейтіп, заманауи технологияларды күнделікті өмірге енгізуге жол ашады. Алдағы уақытта Түркістан облысында 5G желісін дамыту, интернет сапасын арттыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша жұмыстар жалғасады. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
