Бүгін 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Түркістан облысы журналистеріне арналған Түлкібас ауданына арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында БАҚ өкілдері өңірдегі өндірістік, туристік және экологиялық маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты.
Алғашқы нысан – «Қарқын Трейд» ЖШС жүзеге асырып жатқан құс шаруашылығы кешені болды. Жоба толық іске қосылған кезде 1000 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 48 мың тонна құс етін өндіру және өңдеу мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі таңда жоба үш еншілес кәсіпорын арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Қарқын Трейд» ЖШС аясында 10 құс фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар қасапхана, әкімшілік ғимарат және қалдықтарды өңдеу цехының құрылысына дайындық жүргізілуде. «Түлкібас Құс Фабрикасы» ЖШС бойынша құс фермалары мен инкубатор құрылысы биылғы шілде айында басталмақ.
Ал «Түлкібас Жем» ЖШС құрама жем зауыты мен элеватор салу үшін жер мәселесін шешу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ жобаға қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету жұмыстары қатар атқарылуда.
Пресс-тур аясында журналистер Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығына да барды. Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған қорықтың жалпы аумағы 132 мың гектардан асады.
Мұнда өсімдіктердің 1737 түрі, жануарлардың 2489 түрі мекендейді. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жануарлардың ондаған түрі қорғауға алынған. 2015 жылы қорық ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген.
Қатысушылар қорық аумағындағы заманауи Визит-орталықтың жұмысымен де танысты. Орталықта қорықтың 100 жылдық тарихын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және биоалуантүрлілігін таныстыратын бес тақырыптық экспозициялық зал орналасқан. Сонымен қатар табиғат мұражайындағы диорамалар, жануарлар коллекциясы, өсімдіктер гербарийі мен минералдар қоры көпшілік назарына ұсынылған.
БАҚ өкілдері бұдан кейін өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған Иірсу тау шатқалындағы көру-бақылау алаңының жобасымен танысты. Мұнда шатқалдың көрікті табиғатын тамашалауға арналған арнайы бақылау алаңы салынбақ. Нысан аудан орталығынан 32 шақырым, Иірсу ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан.
Пресс-турдың соңғы нысаны – «Beibars Bottlers» ЖШС іске қосқан RC Cola өндіріс орны болды. Биыл Түлкібас ауданының Кемербастау ауылдық округінде пайдалануға берілген зауыт халықаралық лицензия негізінде жұмыс істейді.
Кәсіпорын қазіргі таңда RC Cola өнімдерінің үш түрін төрт түрлі қаптамада өндіруде. Заманауи өндірістік желімен жабдықталған зауыт халықаралық сапа талаптарына сай жұмыс істеп, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Пресс-тур барысында журналистер ауданның өндірістік әлеуеті, туризмді дамыту бағытындағы бастамалары және табиғи мұраларын қорғау жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат алды. Іс-шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Түлкібас ауданының әкімінің орынбасары Бақдәуір Кәлмен өңірдің ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген журналистерді аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
