Сарығаш ауданындағы мектептің директоры сөйлемді ежіктеп оқитын мұғалімді жұмысқа қалай алғанын ашық айтты, – деп хабарлайды Sputnik ҚазақстанOtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Садриддин Айни атындағы №8 орта мектебінің директоры Гүлсара Хасанованың айтуынша, қазіргі кезде жас педагог декретке шығып кеткен. Ал мектепке оны аудандық білім бөлімі жіберген.
«Ол алдымен тестілеуден өткен. Сосын екінші тур – сұхбаттасу болды. Оны басқа мектепте өткізген. Ал маған ол аудандық білім бөлімінің жолдамасымен келді. Сөйтіп, оны жұмысқа алдым», – дейді Хасанова.
Осылайша, мектеп директоры аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімінің мәлімдемесін жоққа шығарды. Бұған дейін бөлімнің бас маманы Айбек Тұрсынбаев мұғалімді жұмысқа қабылдау шешімін комиссия шығарады деп айтқан. Ал оның төрағасы – мектеп директоры. Бұдан бөлек, аудандық бөлімде маман тапшылығы туралы мәлімдеген. Алайда Гүлсара Хасанова оны да жоққа шығарды.
«Бізде маман тапшылығы жоқ», – дейді Хасанова.
Ал сөйлемді әрең оқитын мұғалімге диплом берген жоғары орнында жас маманның орыс тілі, әдебиет және педагогика сияқты салалық пәндер бойынша «өте жақсы» деген баға алғанын айтты.
Ынтымақ ауылындағы мектепте тағы бір проблема бар. Ол – дәретханалар. Барлығы бөлек тұрған ғимаратта орналасқан. Бейнебақылау жүйесі де жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін осы мектепте орыс тілінен сабақ беретін мұғалімнің балаларға қашықтан сабақ түсіндірген кездегі аудиохабарламасы тараған болатын. Жас маман сөйлемді ежіктеп оқыған. Белгілі болғаны, біліктілігі күмән тудырған мұғалім тестілеуді әрең дегенде тапсырып, шекті 50 балл жинаған екен. Бір қызығы, мұғалімнің сабағына аудандық білім бөлімінің мамандары қатысып, деңгейін тексерген. Мұғалімнің біліктілігін тексергендер мен бұл оқиғаға қатысты мектептегі жауаптылар туралы мәлімет Түркістан облыстық адам әлеуетін дамыту басқармасына жолданды.