Жетісай ауданының әкімі Серік Пірімбековтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында аудандағы құқықтық тәртіпті сақтау, мүліктік қылмыстардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын күшейту және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстар жан-жақты сараланды.
Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, комиссия мүшелері, дербес бөлімдердің басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасап, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы пысықталды.
Алғашқы болып сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бағлан Ақтаев ұрлық қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған бағдарламаның орындалу барысына тоқталды. Ол өз баяндамасында мүліктік қылмыстардың, атап айтқанда, пәтер, автокөлік, мал ұрлығы, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар туралы мәлімет берді. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізу, қылмысқа бейім аумақтарда бақылауды күшейту, профилактикалық іс-шараларды бірігіп ұйымдастыру, әсіресе, мал ұрлығы мен пәтер ұрлығының алдын алу, тұрғындардың мүлкін қорғау мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, жиында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Болат Тәжі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыстар туралы баяндама жасады. Отбасы институтын қолдау, әлеуметтік осал топтармен жұмыс жүргізу, отбасындағы жанжалдардың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан кешенді шаралар сөз болып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндіру кездесулерін өткізу, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды насихаттау және қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстарының маңыздылығы айтылды.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша аудан әкімі Серік Пірімбеков құқық бұзушылық профилактикасы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол салаға жауапты мекемелерге мүліктік қылмыстар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар, комиссия отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту, оқушылар мен ата-аналардың психологиялық саулығына қатысты хабардарлығын арттыру, ерте анықтау және дер кезінде психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жас ұрпақ арасында рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өмірлік қиын жағдайларға төзімділікті қалыптастыру, сенім мен өзара қолдау мәдениетін нығайту арқылы суицидтік тәуекелдердің алдын алудың маңыздылығы атап өтілді.
