Соңғы жаңалықтар

ҚАЖЫМҰҚАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН ЕКЕУ

Осыдан бірер жыл бұ­рын Астана қаласына жол түсіп, біраз күн бас шаһарды араладым. Қала­дағы мәдени, тарихи ескерт­кіштерді тамашаладым. Сол уақытта өзім куә болған жайлардың ішіндегі бөле-жара айтарым әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, бәрімізге бала жасымыздан өзінің «Тоқаш Бокин» романымен таныс Зейін Шашкиннің шаңырағында қонақ болғаным дер едім.

Жазушының зайыбы Мә­риям Нұрланқызы жасы сексен жетіге келсе де әлі күнге сергек, ширақ, ба­қуат­ты күйде екен. Ол кісі кен­же қызы Гүлжан мен күйеу баласы Ерболаттың қо­лын­да, солардан ту­ған кішкентай жиен неме­ре­леріне ес болып, тірлік ке­шіп жатыр. Менің бұл үйге тап болғаным да сол Ер­болаттың, Күршім аудан­дық мәдениет бөлімін 18 жыл басқарған белгілі өнер ардагері Қабдолла Тұраровтың кенже ұлының арқасы еді. Күршімге бір келгенінде Ерекеңнің: «Аға, Астана жаққа жо­лы­ңыз түссе, соқпай кет­пе­ңіз!», – деп қатты тап­сыр­ғаны бар-тын. Сол тап­сырманың аяғы осындай қызықты да қадірменді адам­дармен таныстыққа ұласты. Ерболаттың жары Гүлжан Зейінқызы белгілі ғалым, Білім және ғылым министрлігі жанындағы қадағалау және аттестация­лау жөніндегі комитеттің бас сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты. Ал оның анасы Мәриям апамыздың әңгімесін тың­дағанда уақыттың қалай өткенін байқамай қал­ға­нымыз да шындық. Қы­зықты хикаяға бар ынтаммен беріліп отырған менің назарымды қабырғаға ілінген суреттегі даңқты ба­луан Қажымұқанның жа­нында тұрған екі адам аударған болатын.

− Бұл менің әкем Нұрлан мен оның інісі Абдолла, − деп жымиды Мәриям апай суретке бір қарап қойып. – Екеуі де Семейдегі белгілі көпестер болған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясындағы атақты киізші Бейсеке деген бай бар емес пе, сол менің атам. Оның балалары да өзіне тартып, кәсіпкерлікпен айналысты.

1914 жылдың жазында әкем інісімен бірге Ресейдің Нижний Новгород қаласында өткен айтулы жәр­меңкеге қатысады. Осы жәрмеңкеге Шмидт деген немістің балуаны өз циркімен келіп, неше күн бойы өнер көрсетіп жатса керек. Үйреншікті қар­сыластарының бірі келгенін естіген Қажымұқан да ат арытып жетіпті бұл тама­шаға. Бірақ, бай Шмидт Қажекеңмен күресуден қашқақтап, қиындау шарт қойыпты. Өзі сөреге жүз сом (целковый) тастаған неміс Қажымұқанның да осынша ақша тігуін талап етіпті. Ол тұста бір жылқының құны үш сом екен. Отыз үш жылқының құны Қажекеңнің қалта­сында қайдан болсын, ашу­ланған балуан аренаға жү­гіріп шығып:

− Әй, халайық! Маған жүз сом тігіп, мынаумен күрестіретін бір мұсылман бар ма, араларыңда, жоқ әлде жігеріміз құм болып, қала береміз бе?! – деп ай­ғай салыпты.

Сол кезде залда отырған ағайынды екі жігіт қатар шығып, Қажекеңнің қолына екі жүз сом ақша ұстатқан екен. Осыдан кейін айбар бітіп, күреске арқасы қозып шыққан Қажымұқан немісті әп-сәтте алып ұрып, жүлдені қанжығасына байлайды. Ел тарай бастағанда сол күрес киімімен жүгіріп шығып, өзіне қолдау көрсеткен екі бауырын тауып алған балуан оларға шынайы ризашылығын білдіріп, ол уақытта әркімнің қолы жете бермейтін фотосуретке түсуге шақырған екен.

Кейіннен балуан аға­лары Семейге әдейілеп келіп, Бейсеке байдың балаларына арнайы қонақ болып жүріпті. Сөйтіп, ағайынды кәсіпкерлердің арқасында халқымыздың мақтанышына айналған даңқты балуан өз өнерін жат жұрттың алдында тағы бір мәрте көрсету мүмкіндігіне ие болған екен.

Хасен ЗӘКӘРИЯ,

Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы

Қатысты жаңалықтар

МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ШИПАЖАЙДА ТЕГІН ЕМ ҚАБЫЛДАДЫ

azatmedia

Гейлер мен қыздардың жаппай төбелесі

azatmedia

ТҮЛКІБАСТЫҚ ШАРУАЛАР 54 365 ТОННА БИДАЙ МЕН АРПА ӨНІМДЕРІН ЖИНАП ОТЫР

azatmedia