Қазақ спортының даңқты тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі берілген Ордабасы ауданындағы стадионда «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жастарды салауатты өмір салтына баулу, бұқаралық спортты дамыту және тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуді мақсат еткен ауқымды шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Ордабасы ауданы әкімдігі, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлескен бастамасымен өтті.
Турнир аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы мен спорттағы өшпес мұрасын насихаттауға арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде балуанның өмірінен сыр шертетін тарихи деректер, құнды жәдігерлер мен жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жас спортшылардың жетістіктері таныстырылып, олардың түрлі жарыстарда жеңіп алған медальдары мен марапаттары көрермендер назарына қойылды.
Іс-шара барысында қатысушылар мен қонақтар Қажымұқан Мұңайтпасұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт мақтанышына айналған алып тұлғаның рухына тағзым етті.
Салтанатты жиында сөз алған Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев жастар тәрбиесінде спорттың алар орны ерекше екенін атап өтіп, дені сау, рухы мықты, ел болашағына бейжай қарамайтын ұрпақ қалыптастыру – ортақ міндет екенін жеткізді. Сондай-ақ мұндай бастамалардың жастарды жауапкершілікке, табандылыққа және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.
Өз кезегінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Қаржылық мониторинг және талдау басқармасының басшысы Абай Қадогров жастар арасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және адал азамат тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады.
Турнирге облыстың әр өңірінен келген 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысып, 14–20 жас, 21–28 жас және 29–35 жас санаттары бойынша бақ сынады. Қатысушылар белтемірге тартылу, брусьяда жаттығулар орындау және күштік-акробатикалық элементтер бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, спорттағы табандылық пен ерік-жігердің жарқын үлгісін паш етті. Спорт пен тәрбиені ұштастырған бұл турнир жастардың бойына салауатты өмір салты, тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын сіңіріп, олардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін берді.
