Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТУРИСТІК ЭКСКУРСИЯЛЫҚ АВТОБУС ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Түркістан қаласында туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Smart Shuttle Bus Turkistan» қалалық экскурсиялық маршруты іске қосылды. Жобаның жұмысымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысып, туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусының жайлылығы, қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасын бағалады.

Жаңа экскурсиялық маршрут Түркістан қаласының негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, әуежай, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен-сарай» туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бағыттары бір маршрутқа біріктірілген. Жоба аясында туристерге арналған заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Олардың қатарында QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік «Turkistan Pass» жүйесі, үш тілде қызмет көрсететін аудиогид, «Telegram» және «WhatsApp» чат-боттары, сондай-ақ онлайн карта мен GPS мониторинг қызметтері бар. Бұл жүйелер жолаушыларға автобустың нақты уақыттағы қозғалысы мен келу уақытын бақылауға мүмкіндік береді.

Экскурсиялық автобустар Wi-Fi желісімен, салқындатқыш жүйелермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Жалпы маршруттың қозғалыс аралығы 15-20 минутты құрайды. Автобустар күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін «Визит орталығы» автотұрағы мен «Керуен-сарай» кешені алдынан қатынайды. Айта кетейік, «Red Bus» экскурсиялық автобусы 65 жолаушыға арналған. Билет құны балалар үшін – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге.

Жаңа туристік бағыт Түркістан қаласының көрікті орындарын аралауды жеңілдетіп қана қоймай, қонақтарға тарихи-мәдени нысандар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Экскурсиялық автобус қызметінің іске қосылуы қаладағы туристік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп, келушілер үшін ыңғайлы әрі заманауи саяхат форматын қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында қала тұрғындары мен қонақтары Түркістанның тарихи келбетімен, рухани мұраларымен және заманауи сәулеттік нысандарымен бір бағыт бойынша таныса алады. Әсіресе, халықаралық және ішкі туризмді дамыту жағдайында мұндай сервистік жобалардың маңызы артып, туристерге қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Экскурсиялық маршруттың іске қосылуы көне шаһардың туристік әлеуетін кеңінен танытуға, қонақтардың қалада өткізетін уақытын тиімді ұйымдастыруға және жергілікті кәсіпкерлік нысандардың дамуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың енгізілуі туристік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Түркістан қаласында туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа бағыттарды дамыту және саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл бастамалар қаланың түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі беделін нығайтып, туристер ағынын арттыруға серпін береді.

Қатысты жаңалықтар

Көпбалалы отбасыларға 44 532 теңгеден бастап беріліп жатыр

azatmedia

БУЛЛИНГСІЗ ҚОҒАМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ: ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ТӘРБИЕЛІК КЕЗДЕСУ

azatmedia

ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАПТЫ

azatmedia