Түркістан қаласында жаңа Конституция мен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық Заңының талаптарын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
«Достық үйінде» өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, жастар ұйымдарының, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жаңа Конституцияның елдің құқықтық және қоғамдық дамуының берік негізі екенін атап өтіп, Қазақстан Халық Кеңесінің қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамытудағы рөліне ерекше назар аударды. Сондай-ақ «Қоғамды келісім» мекемесі этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың жұмысын үйлестіруде және қалыпты өз жұмысын белсенді атқара беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Данияр Аюпов этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді сақтаудағы үлесін сөз етсе, облыстық Ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Ғани Исаев жаңа заңның мазмұны мен конституциялық реформалардың маңызын түсіндірді.
Кентау қалалық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова мен Сарыағаш аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Алипаша Хинизов этносаралық татулық пен өзара сенімді нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ал «Ел жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Надиржан Хасантаев жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі жауапкершілігін атап өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидалары, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі, азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды.
Жиын қорытындысында қоғамдық келісімді нығайту, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, азаматтармен тұрақты кері байланысты дамыту және қоғамдық құрылымдардың өзара ықпалдастығын арттыру бағытындағы ұсыныстар жинақталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатыны айтылды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жаңа құқықтық нормалардың қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың белсенділігін арттыру және мемлекеттік институттар мен халық арасындағы байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті. Әсіресе, қоғамдық келісім мен өзара сыйластық қағидаттарын сақтау ел дамуының негізгі факторларының бірі екені сөз болды.
Іс-шараға қатысушылар Конституциялық өзгерістердің қоғам өміріндегі рөлін талқылап, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бұл бағыттағы кездесулер тұрғындардың жаңа заңнамалық бастамалар туралы толық ақпарат алуына және олардың қоғамдық үдерістерге белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы орны ерекше екені айтылды. Түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігі мен ортақ мақсат жолындағы бірлескен әрекеті Қазақстандағы қоғамдық келісім моделінің маңызды негіздерінің бірі ретінде бағаланды. Алдағы уақытта да Түркістан облысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық диалогты дамыту және азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру бағытындағы іс-шаралар жалғасын табады. Мұндай бастамалар ел бірлігін нығайтып, тұрақты дамуға негіз болатын құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған.
