Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕКТЕПТЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ, ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу жұмыстары және саладағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі мектептердің жай-күйі, реновация бағдарламасының орындалуы, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.

Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында Түркістан облысында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектеп қамтылады.

2025 жылы жөндеуі жоспарланған 41 мектептің 26-сында жұмыстар толық аяқталған. Қалған 15 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда және оларды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Қазіргі таңда аталған нысандарда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары толық бітіп, сыртқы жөндеу мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50-60 пайызға жеткен.

Биыл реновация бағдарламасы бойынша 38 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 32 мектеп ағымдағы, 6 мектеп күрделі жөндеумен қамтылады.

Сонымен қатар өңірде 125 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Оның 60 мектебінде жұмыстар толық аяқталса, қалған нысандарда жөндеу қарқынды жалғасып жатыр. Жазғы демалыс кезеңіндегі барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қаралды. Биыл 110 білім беру нысанын табиғи газға қосу қажеттігі айтылды. Оның ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету, реновация аясындағы жұмыстарды сапалы орындау, балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.

Сондай-ақ облыс әкімі әрбір бюджет қаражатының тиімді игерілуін, құрылыс пен жөндеу барысында сапа талаптарының қатаң сақталуын және анықталған кемшіліктердің уақтылы жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір басшысы құрылысты сапасыз жүргізген мердігерлерді заң шеңберінде жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Құрылысы жүрген және жүріп жатқан барлық білім нысаны тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жүреді.

Мектептерді жаңғырту және жөндеу жұмыстары білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Заманауи талаптарға сай жаңартылған оқу ғимараттары оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Инженерлік жүйелердің жаңартылуы мен ғимараттардың техникалық жағдайын жақсарту білім беру нысандарының ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

Реновация бағдарламасы аясында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кабинеттерді жаңартуға және білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілуде. Бұл жұмыстар тек ғимараттарды жөндеумен шектелмей, оқу үдерісінің сапасын арттыруға қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар, білім беру нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту, жылыту жүйелерін жаңарту және инженерлік желілерді ретке келтіру – басты басымдықтардың бірі. Мектептердің жаңа оқу жылына толық дайын болуы оқушылардың алаңсыз білім алуына және ата-аналардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Түркістан облысында білім саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, мектептерді кезең-кезеңімен жаңарту және білім беру нысандарының сапасын арттыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл бастамалар өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасап, өңірдегі білім беру жүйесінің дамуына серпін береді.

Қатысты жаңалықтар

Шымкент тұрғыны 6 қызғалдақты жұлғаны үшін 9 миллион теңге төлеуі мүмкін

azatmedia

Баланы үйде сүндетке отырғызуға бола ма?

azatmedia

76% жаңа тұлғалар. Партияішілік праймериздің ІІ кезеңі қорытындыланды

azatmedia