Түркістан облысындағы елді мекендерді жаппай көгілдір отынмен қамту жұмыстары тұрақты жүзеге асып жатыр. Осы тұста Бәйдібек ауданындағы Боралдай, Ақбастау ауылдық округтеріне қарасты Қаратас және Тұрақты елді мекендеріне табиғи газ берілді.
Жоба “KazBuildCo” ЖШС тарапынан жүргізілді. Газ құбырының ұзындығы Қаратас елді мекенінде 10,005 шақырымды құраса, Тұрақтыда 15,6 шақырым болды. Нәтижесінде аудандағы жалпы 50 елді мекеннің 43 елді мекені (86%), 48 221 халықтың 45 574-сы (94,5%) табиғи газбен қамтылды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев тұрғындардың қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін білдірді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Оған қоса, ағымдағы жылы Қошқарата, Кеңсай, Шұқыршақ елді мекендеріне газдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Табиғи газбен қамту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Көгілдір отынның ауылдарға жеткізілуі тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.
Газдандыру жұмыстары аясында жаңа инженерлік желілер тартылып, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бұл өз кезегінде үйлерді жылыту жүйесін жетілдіруге, қоршаған ортаға түсетін кері әсерді азайтуға және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бәйдібек ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоспарланған жобалардың іске асуы шалғай ауылдардың инфрақұрылымдық деңгейін көтеріп, тұрғындардың заманауи талаптарға сай өмір сүруіне жағдай жасайды. Алдағы уақытта да аудан аумағында газдандыру жұмыстарын жалғастыру, жаңа нысандарды іске қосу және халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамту бағытындағы бастамалар жүзеге асырыла береді.
