Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 43 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі жұмыспен қамту жоспарының орындалу барысын кезекті рет көзден өткізіп, берілген тапсырмалардың жағдайын тексерді.

Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, 6 айда 46 779 жұмыс орны ашылуы тиіс. Басқарманың ұсынған есебінде, қазіргі таңда нақты 43 673 жұмыс орны құрылғаны айтылды. Бұл бағытта Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың үлесі Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында төмен.

Ұлттық жобалар және басқа да мемлекеттік тұжырымдамалар аясында жұмысқа орналастыру бойынша 6 айда 151 жобаға 917 азаматты жолдау көзделген болса, бүгінде 183 жобада 1666 жұмыс орны қалыптасып отыр.

Еңбек шарттарын тіркеу Сауран ауданында толық аяқталған. Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларының жауаптыларына бұл бағыттағы жұмысты ширату қажеттігі ескертілді.

Аудан-қала әкім орынбасарларына өз аймақтарында жұмыспен қамту және еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмалар берілді.

– Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, шығатын жол іздеу керек. Жоспардың орындалуы шарт, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Облыс әкімі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының қызметі зерделенді. Сондай-ақ, 6 айға бекітілген меже де Мансап орталығы басшылары үшін сын сағаты болғалы тұр.

Жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштерді арттыру мақсатында өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз ету, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету басты міндеттердің бірі болып отыр.

Сонымен қатар, еңбек қатынастарының заңдылығын сақтау және жұмыс орындарының сапасын арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ресми еңбек шарттарын жасасу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Алдағы кезеңде аудан-қала әкімдіктері мен жауапты мекемелерге белгіленген жоспарларды толық орындау, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жұмыс орындарын көбейту бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бұл жұмыстар өңір тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Түркістан облысында жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстау арқылы еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешу және тұрғындарға қолжетімді жұмыс орындарын ұсыну бағытындағы шаралар жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

Түркістан: Қазығұртта мектебінің қосымша ғимараты оқу жылына дайын

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 1 959 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗДАРЫ ӨТЕЛДІ

azatmedia

Ақпарат алаңы: тиімді де тиімсіз ғаламтор

azatmedia