Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БҰХАР БҰҒЫСЫ 300-ДЕН АСТЫ

Түркістан облысында Бұхар бұғысы көбейіп келеді. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мекемесінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында журналистер Сырдария маңындағы тұқымбақта күтімге алынған бұхар бұғыларының жай-күйімен танысты.

Бұхар бұғыларын сақтау және көбейту мақсатында 1999 жылы Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен Түркістан орман шаруашылығы мекемесінің Қызылшаруа орманшылығы аумағында арнайы тұқымбақ құрылды. Бүгінде тұқымбақтың аумағы 22 гектарды құрайды. Биіктігі 3 метрлік темір тормен қоршалған. Тұқымбақ жанына қызметтік тұрғын үй салынып, бұғы бағушыларға пайдалануға берілген. Аумағын күзетуге және бақылап отыру үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Бүгінгі таңда барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Түркістан қаласының 1500 жылдығына сыйға тартылған Бұхар бұғысының саны бүгінде 319-ға жетті. Оның 41-і «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты тұқымбақта көбейіп жатыр. Қалғандарын Шөгірлі тұқымбағына жерсіндіріліп, сондай-ақ Сырдария өзенінің бойындағы тоғайға еркіндікке жіберілген. Қызыл кітапқа енген жануарлардың жыл санап көбейіп келе жатқаны бұл табиғат жанашырларының ширек ғасырлық еңбегінің нәтижесі.

Инспекторлардың айтуынша, Бұхар бұғыларының бас санының түгелділігі мекеме қызметкерлері тарапынан тұрақты қатаң қадағалануда. Өсіп-өнуіне бақылау жасау мақсатында, Бұхар бұғылардың тіршілігі, фототұтқыштар мен фотоаппараттар арқылы суреттерге түсірілуде. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бұғыларды күтіп-баптау, жем-шөбін жеткізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тағы басқа да қежетті қолдау көрсетілуде.

Баспасөз туры аясында журналистер қырғауыл тұқымбағының тыныс-тіршілігімен де танысты.

Қызылшаруа орманшылығы аумағында Сырдария қырғауылын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатт ерекше қорғалатын табиғи аумақтың №21 орамында 2017 жылы жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын қырғауыл тұқымбағы пайдалануға берілді. Бүгінде мұнда 1 құсшы және 2 құсшы көмекшісі жұмыс істейді. Тұқымбақта 2012 бас Сырдария қырғауыл құсы күтіп бапталуда.

Бұхар бұғысының санын арттыру бағытындағы жұмыстар табиғи экожүйені сақтауға және сирек кездесетін жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Мамандардың айтуынша, бұғылардың көбеюі үшін қолайлы жағдай жасау, олардың мекен ету ортасын сақтау және тұрақты бақылау жүргізу – ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін негізгі міндеттердің қатарында. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың арқасында киелі жануарлар популяциясы қалпына келіп, табиғи ортадағы тепе-теңдікті сақтауға өз үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар, тұқымбақтардағы атқарылып жатқан жұмыстар ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау шараларымен қатар жүзеге асырылуда. Жануарлардың жағдайын бақылау, ветеринарлық тексеру жүргізу, қоректік базасын қамтамасыз ету және қауіпсіздігін сақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл тәжірибе алдағы уақытта Бұхар бұғысын табиғи аймақтарға қайта жерсіндіру және олардың таралу аумағын кеңейту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Табиғи парктер мен ерекше қорғалатын аумақтардың жұмысы тек жануарларды қорғаумен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Сирек кездесетін жануарлар мен құстарды сақтау арқылы келешек ұрпаққа табиғи мұраны жеткізу, биоалуантүрлілікті қорғау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтары насихатталуда. Түркістан өңіріндегі мұндай бастамалар табиғатты қорғау саласындағы маңызды жобалардың бірі ретінде жалғасын таба береді.

Қатысты жаңалықтар

Көше жолдары ретке келтірілді

azatmedia

«Қайтыс боп кетуіңіз мүмкін» – Атышулы істе сотталғандардың туысы шешіммен келіспейді

azatmedia

ШЫМКЕНТ: Ш. ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

azatmedia