Қоғам Мәдениет

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫНА» 15 БАЛУАН ТАС ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан қаласында «Балуан тас сапары» ғылыми-танымдық экспедициясының оңтүстік өңірдегі сапары аяқталды. Бұл туралы баспасөз жиынында «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров мәлімдеді.

«Аталған экспедиция биыл 18-21 наурыз аралығында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шара «Қазақ күшінің картасы» атты ірі ғылыми-мәдени жоба шеңберінде жүзеге асты. Экспедиция барысында зерттеу тобы Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын қамтып, тарихи және киелі нысандарға кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы 1000 шақырымға жуық жол жүріліп, 10-нан астам киелі орын зерделенді. Жоба нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» Түркістан облысы бойынша 2 символдық және 13 заттық балуантас енгізілді»-деп баяндады экспедиция жетекшісі.

Сонымен қатар, баспасөз жиынында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Асқар Әбубәкіров бұл сапардың өңір туризмін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Экспедиция аясында музейлердегі тарихи жәдігерлер зерттеліп, Қажымұқан Мұңайтпасұлына және өзге де балуандарға қатысты бұрын белгісіз болған балуантастар анықталды. Сондай-ақ, болашақ ғылыми еңбектерге негіз болатын тың деректер жинақталды. Маңызды жаңалықтардың бірі – «символдық Балуан тас» ұғымының ғылыми айналымға енгізілуі. Сонымен қатар, фото және бейнематериалдар түсіріліп, болашақ көрмелер мен деректі фильмдерге азық жиналды. Айрықша оқиғалардың бірі – Шәуілдір ауылында Наурыз мерекесі кезінде 80 жылдан кейін «Балуан тас» көтеру дәстүрінің қайта жаңғыртылуы болды. Бұл шарада балуан Арман Сүлеймен шамамен 200 келілік тасты көтеріп, оның өнері көпшілік назарына ұсынылды. Мамандардың айтуынша, экспедиция нәтижелері ұлттық мұраны жүйелеуге, тарихи жадыны жаңғыртуға және Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта жоба аясындағы зерттеу жұмыстары еліміздің басқа өңірлерінде жалғасады» – деді спикер.

Сонымен қатар, «Қазақ күшінің картасы» жобасы ұлттық спорт пен тарихи мұраны ұштастыратын бірегей бастама ретінде бағалануда. Бұл жоба арқылы ел ішіндегі көне дәстүрлер мен ұмыт бола бастаған күш өнері қайта жаңғырып, жас ұрпаққа насихатталуда. Балуан тастарды жүйелеу – тек спорттық мұра ғана емес, халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын сақтаудың маңызды тетігі.

Экспедиция барысында жиналған деректер ғылыми тұрғыда сараланып, алдағы уақытта арнайы зерттеулер мен басылымдарға негіз болмақ. Бұл өз кезегінде қазақтың дәстүрлі күш өнерін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табылған тарихи жәдігерлер өңірдегі музей қорларын толықтырып, мәдени туризмнің дамуына серпін береді.

Жоба аясында өңір тұрғындарының, әсіресе жастардың қызығушылығы артып отырғаны байқалады. Балуан тас көтеру сияқты ұлттық ойындардың қайта жандануы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұлттық болмысқа деген құрметті арттырады. Мұндай шаралар жастарды спортқа баулып, тарихи тамырын тануға жол ашады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асқан бұл экспедиция ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Алдағы уақытта «Қазақ күшінің картасы» жобасының ауқымы кеңейіп, еліміздің өзге өңірлерін де қамтуы күтілуде.

Қатысты жаңалықтар

Сайлау жүйесіндегі жаңашылдық елді өркендеуге бастайды

azatmedia

Масылдық көзқарастан арылсақ

azatmedia

Қауіп-қатер төндіретін жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру

azatmedia