Ақпарат Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Түркістан облысында қызғалдақтарды қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.

Науқанға қатысушылар тау баурайында жайқалған грейг қызғалдақтарын тамашалап, нәзік жаратылысты жан-жақты таспалады. Мамандардың айтуынша, қызғалдақтар тек сұлулығымен ғана емес, бай тарихымен және көптеген ерекшеліктерімен құнды. Қызғалдақтардың отаны ретінде Орталық Азия саналады. Бүгінде Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35-тен астам түрі өседі. Олардың ішінде Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары ерекше көз таратады. Соның ішінде 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Өңірдегі табиғи паркте қызғалдақтың 6 түрі өседі. Қызыл кітапқа енген Грейг, Кауфман қызғалдағы осы Боралдай аумағында кеңінен таралған.

Іс-шара Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен Бәйдібек ауданына қарасты Шұқыршақ ауылындағы Боралдай филиалы, Бәйдібек орманшылығы аумағында, Шұқыршақ сарқырамасы туристік соқпағында өткізілді.

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас директорының орынбасары Ерлан Мұхтарханұлы, Боралдай филиалының директоры Бақытжан Қырықбай сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

Тазалық жұмыстары мәдени іс-шараға ұласты. Саф табиғат аясында мерекелік шара өтіп, көрермен назарына әсем әндер ұсынылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары топ-топқа бөлініп, сұрақ-жауап ойынына қатысты. Ұлттық ойын көкпар мен аударыспақ сынды спорттық ойындар өткізіліп, қыз-келіншектер дәстүрлі тағамдарды дайындап, ұмыт болған дәмдерді дәріптеді.

Жиын соңында мектеп оқушылары мен табиғатты қорғау шараларына белсене қатысып жүрген азаматтар арнайы мекеме тарапынан марапатталды.

Аталған экологиялық акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – табиғатты қорғау, қызғалдақтардың маңызын насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында табиғи парк қызметкерлері мектеп оқушыларына қызғалдақтарды жұлмау, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық үнпарақтар таратылды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларға зиян келтіру заңмен қатаң жазаланады. Атап айтқанда, заң бұзушыларға 300 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, мұндай экологиялық акциялар өңір тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе жас ұрпаққа қоршаған ортаны қорғау мәдениетін ерте жастан қалыптастыру арқылы табиғи байлықтарды сақтаудың маңызы кеңінен түсіндірілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар экологиялық сананы нығайтып, қоғамда табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, қызғалдақтардың жойылып кету қаупі негізінен антропогендік әсерлерге байланысты. Яғни, адамдардың бей-берекет жұлуы мен табиғи ортаның бұзылуы сирек өсімдіктердің азаюына әкелуде. Сондықтан мұндай акциялар тек ақпараттық сипатта ғана емес, нақты алдын алу шараларының бір бөлігі болып саналады.

Сонымен бірге, табиғи аймақтарда туризмді дамыту кезінде экологиялық талаптарды сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Туристерге арналған арнайы бағыттар мен түсіндіру жұмыстары табиғатқа зиян келтірмей демалуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік әлеуетін сақтай отырып дамытуға жол ашады. Жалпы алғанда, «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты акция табиғатты қорғау мен ұлттық табиғи мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналып отыр. Осындай бастамалар арқылы өңірдің бірегей флорасын сақтау және келер ұрпаққа аман жеткізу міндеті жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Қатысты жаңалықтар

Жүрегіңе құлақ түр…

azatmedia

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

azatmedia

Теологиялық білім алуда ескеретін мәселелер

azatmedia