Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ І ТОҚСАНДА БЮДЖЕТКЕ 250 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ САЛЫҚ ТҮСКЕН

Түркістан облысында 2026 жылдың I тоқсанында мемлекеттік бюджетке 248,5 млрд теңге түсіп, жоспар 99,7%-ға орындалды. Өсім қарқыны 119%-ды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсім 40 млрд теңгеге артқан. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.

«2026 жылдың І тоқсанында 2 млрд теңгеден астам қосымша кіріс көздері анықталып, өндірілді. Атап айтқанда, камералдық бақылау нәтижесінде – 572 млн теңге, жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бағытында – 500 млн теңге, кедендік және қосымша құн салығын әкімшілендіру бағытында – 387 млн теңге, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру нәтижесінде – 610 млн теңге салық бюдежетке түсті. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай жақсарған. I тоқсанда 500 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, оның 99%-ы электронды форматта жүзеге асқан» – деп баяндады спикер.

Сонымен қатар, брифинг барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айдос Құралбайұлы өңірдегі кеден бекеттерінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Кедендік бақылау аясында заңбұзушылықтарға қарсы күрес күшейтіліп, 3 есірткі тасымалдау дерегі анықталды. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін заңсыз әкету бойынша 29 жағдай тіркелді. Нәтижесінде 1,58 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 9,6 тонна жанармай тәркіленді. Бұдан бөлек, 12 200 АҚШ долларын заңсыз әкету дерегі анықталды. Облыста кеден инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. «Атамекен», «Бауыржан Қонысбаев» бекеттері жаңартылып, «Қапланбек» кеден бекеті қайта іске қосылды. «Жібек жолы» бекетін биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған» – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, өңірде салық түсімдерінің артуына кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі мен өндіріс орындарының кеңеюі тікелей әсер етіп отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің көбеюі жергілікті экономикадағы айналым қаражатын ұлғайтып, бюджет кірісін тұрақты түрде арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға оң ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, цифрландырудың кеңінен енгізілуі мемлекеттік қызметтердің тиімділігін айтарлықтай арттырған. Қызметтердің басым бөлігінің электронды форматқа көшуі азаматтар үшін уақыт үнемдеуге және бюрократиялық кедергілерді азайтуға жол ашты. Сонымен қатар, салықтық әкімшілендіру процестерінің автоматтандырылуы көлеңкелі экономиканы қысқартуға ықпал етуде.

Кедендік бақылау бағытындағы күшейтілген шаралар да өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Заңсыз айналымға қарсы жүргізілген жұмыстар мемлекеттік кірістердің тұрақтылығын сақтауға және нарықтағы тәртіпті нығайтуға бағытталған. Бұл шаралар сыртқы сауда айналымының ашықтығын арттырады. Жалпы, Түркістан облысындағы салық және кеден саласындағы көрсеткіштердің оң динамикасы өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да кіріс көздерін ұлғайту және қаржылық тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН БАЛ АРА АСЫРАП, БЕРЕКЕСІН АРТТЫРЫП ОТЫР

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА «МӘСЛИХАТ 30 ЖЫЛ» БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ЮЭЦИН ҚАЛАЛАРЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

azatmedia