Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Осы ретте Созақ ауданында етті бағыттағы мал басын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауданға 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал әкелінді. Оның ішінде 1 245 басы аналық, 229 басы – өткен жылғы төлдер.

Шаруа қожалығы әкелінген мал басын ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастыруда. Бұдан бөлек орман қоры жерінен 9000 гектар жайылым жерге келісім-шартқа отырған. Қазіргі таңда барлық мал ауданға тіркеліп, ветеринариялық есепке алынды.

Аталған ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында құрылған. Серіктестік ауданның жайылымдық әлеуетіне байланысты Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамытуды қолға алған. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға және суыққа төзімді, жоғары өнімді мал түрі.

Алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы бастамаларын да айтып берді.

– Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда әкелінген мал толықтай ауданға тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық бастарын көбейтіп, аталық малды 4 жастан бастап экспортқа бағыттауды көздеп отырмыз. Биыл жыл басынан бастап ішкі нарық қажеттілігін өтеу мақсатында 10 365 келі ет өнімдерін өткіздік, – дейді ол.

Аталған жобаның іске асырылуы ауданның мал шаруашылығын дамытып, ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Созақ ауданындағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын дамыту жобасы тек мал басын көбейтумен шектелмей, өңірдің агроөнеркәсіп инфрақұрылымын жетілдіруге де ықпал етеді. Жоба аясында жайылымдық жерлер мен су ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесі қалыптасып, фермерлердің мал өсіру тәжірибесі жаңарып отыр. Бұл өз кезегінде ауданның ет өндірісін тұрақты арттыруға және ішкі нарық қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, асыл тұқымды малдарды өсіру жобасы жергілікті кадрлық әлеуетті дамытуға да бағытталған. Ветеринарлық есепке алу, мал азығын дайындау, жаңа технологияларды енгізу секілді практикалық дағдылар фермерлер арасында кеңінен таралып, кәсіби деңгейді арттыруға септігін тигізеді. Жергілікті мамандар мен жас кәсіпкерлер бұл тәжірибеден өз бизнесін дамыту үшін үлгі ала алады.

Бұдан бөлек, экспорттық әлеуетті кеңейту мақсатында аталық малдарды 4 жасынан бастап шетел нарығына шығару жоспары өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Бұл тек қаржылық кірісті көбейтіп қана қоймай, Түркістан облысын республикалық және халықаралық деңгейде ет өнімдерімен танымал етуге де мүмкіндік береді.

Созақтағы асыл тұқымды мал шаруашылығы жобасы ұзақ мерзімді перспективада агроөнеркәсіп саласын әртараптандыруға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда. Облыстың басқа аудандары үшін де бұл тәжірибе тиімді модель болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

В ШЫМКЕНТЕ С НАЧАЛА ГОДА ПО КРЕДИТНЫМ НАПРАВЛЕНИЯМ ГОСУДАРСТВЕННОЙ ПРОГРАММЫ «НҰРЛЫ ЖЕР» ЖИЛЬЕМ ОХВАЧЕНО 1299 ГРАЖДАН

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ӘСКЕРИЛЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК САЙЫС ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

azatmedia

ЖӘУДІР АНА МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ

azatmedia