Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

Түркістан облысы еліміздегі агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған өңір. Республика бойынша жалпы өндірілетін өнімнің 13 пайызы облысқа тиесілі. 2025 жылдың қорытындысымен 1 трлн 226 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, облыс – экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын, қой етінің 75 пайызын қамтып отыр. Бүгінде ет кластерін одан әрі дамыту бағытында құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Бұл жайында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифингте мәлімдеді.

«2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылға қарағанда 34 мың гектарға артты. Ал, көкөніс және бақша алқаптары 117,5 мың гектарға егілді. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды. Сондай-ақ, облыстағы су үнемдеу технологияларын қолданатын алқап саны 59 мың гектарға артып, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. Нәтижесінде ағын су 30-50 пайызға үнемделіп, өнділік 20-30 пайызға артты»- деді спикер.

Биыл өңірде мақта өнімін жинау бойынша соңғы 18 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Орташа өнімділік гектарына 30 центнерді құрап, жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналған. Сонымен қатар, мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бағытында өңірде мақта тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта құны 201 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Әлібек Әбдіхалықұлы өңірдегі жылыжайлар көлемінің артқанын да тілге тиек етті. Өткен жылы жалпы көлем 75 гектарға өсіп, 1 715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. Айта кетейік, 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілген. Облыстың ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша да республикада көш бастап тұр. 2025 жылы салаға 246 млрд теңге қаржы тартылған. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы дамуы тек өндіріс көлемінің артуымен шектелмей, технологиялық жаңашылдыққа да басымдық беріп отыр. Жаңа инвестициялық жобалар тек өнім көлемін көбейтумен қатар, өңірдегі өңдеу және экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл кластерлік тәсіл жергілікті фермерлерге жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беріп, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы білім мен кадрлық әлеуетті дамыту маңызды. Жыл сайын ұйымдастырылып жатқан семинарлар, оқыту бағдарламалары және тәжірибелік кластар фермерлер мен кәсіпкерлерді заманауи технологиялар мен тиімді өндіріс әдістерімен таныстырады. Бұл өз кезегінде өнім сапасын жақсартуға және экспорттық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етеді.

Су үнемдеу және жылыжай технологияларын кеңінен енгізу аграрлық секторда экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану арқылы тек өнім көлемі артпай, қоршаған ортаға зиянды азайтуға мүмкіндік туады. Осындай тәжірибелер басқа өңірлерге үлгі болып, республика көлемінде агроөнеркәсіп саласының дамуына серпін береді.

Сонымен қатар, өңірдегі инвестициялық ахуал мен мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығында шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік жасайды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Түркістан облысы өз тәжірибесін тиімді пайдалана отырып, еліміздің агроөнеркәсіп саласында көшбасшы мәртебесін сақтап отыр.

Қатысты жаңалықтар

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 9 АЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАРАЛДЫ

azatmedia

«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТҚА АЙНАЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

azatmedia

БАСПАНА ИЕЛЕРІ ТҰРҒЫН ҮЙДІ ӨЗДЕРІ БАСҚАРАДЫ

azatmedia