Балық шаруашылығын дамыту Мемлекет басшысының алға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Төлеби ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта өңірде инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын «Fish House» ЖШС сазан шабағы, ақбалық және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруде. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан нысанға арнайы барып, балық шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан серіктестіктің жұмысымен танысты.
Сапар барысында жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров шаруашылықтың алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Кәсіпкер сазан және ақбалықты уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре тұқымдас балық өсіруді қолға алған. Оның айтуынша, ақбалық салқын мезгілде арнайы жабық орындарда өсіріліп, күз айларында ашық бассейндерге жіберіледі. Бұл әдіс балықтың сапалы өсіп-жетілуіне мүмкіндік береді. Аталған жоба өңірде кәсіпкерлікті дамытуға, балық шаруашылығын кеңейтуге және ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізеді.
Жобаның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтуға ықпал етуде. Сонымен қатар, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету арқылы импорт көлемін азайтуға жол ашады. Заманауи технологияларды қолдану мен балық өсірудің тиімді тәсілдерін енгізу өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнім сапасын арттыруға да сеп болмақ.
Алдағы уақытта шаруашылық базасында өндіріс ауқымын кеңейтіп, балық өнімдерін өңдеу және қаптау цехтарын іске қосу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға, ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға және агроөнеркәсіп саласының дамуына тың серпін бермек.
Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да негіз болады. Заманауи су айналымы жүйелерін енгізу арқылы табиғи ортаға түсетін жүктемені азайтып, тұрақты өндіріс үлгісін қалыптастыру көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның аграрлық секторын әртараптандырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге жол ашпақ.
