Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов Шаян ауылындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ең алдымен жаңа инфрақұрылымдық аумақта салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйімен танысты. Құрылыс барысын өз көзімен көрген әкім жауапты мердігерлердің атқарып жатқан жұмыстарының сапасына сын айтып, кемшіліктерді тез арада қайта қалпына келтіруді тапсырды. Аталған кемшіліктер орындалмаған жағдайда аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарына заң аясында тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.Құрылыс сапасының төмендігі мен белгіленген мерзімдердің бұзылуына байланысты мердігерлерге қатаң ескерту беріп, кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді талап етті.
Әрі қарай құрылысы жүргізіліп жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен аралады. Жайлы әрі заманауи талаптарға сай білім ордасының сапалы салынуы – аудан басшысының басты назарында екендігін атап өтті. Құрылыс жұмыстарының баяу жүруі мен бірқатар техникалық сәйкессіздіктерге қатысты бұл нысан бойынша да нақты тапсырмалар берілді.Іс-сапар соңында Қ.Спатаев көшесіндегі көпқабатты үйлер құрылысы да назардан тыс қалмады. Бұл жерде де бірқатар ақаулар анықталып, жауапты құрылыс мекемелеріне жұмыстарды қайта қарап, сапаны арттыру жөнінде нақты талаптар қойылды.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов барлық мердігер мекемелерге:– «Сапасыз жұмыс – халықтың сеніміне селкеу түсіреді. Уақыт пен қаражат – текке шашылатын нәрсе емес. Барлық кемшіліктерді дереу түзетіп, жоспарланған мерзімге сай пайдалануға беруді қамтамасыз етіңдер!» – деп қатаң тапсырма берді.
Аталған нысандар аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғандықтан, олардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы – басты басымдықтардың бірі.